Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Азық-түлік тапшылығы әлемде ушығып тұр: 295 миллион адам аштықтың азабын тартуда
БҰҰ мәліметінше, бүгінде 53 елде 295 миллионға жуық адам азық-түлік тапшылығы мен ауыр аштық жағдайында өмір сүріп жатыр. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 5 пайызға өскен.
Аштықтың басты себептері — соғыс қақтығыстары, климаттың өзгеруі және экономикалық дағдарыстар. Қақтығыстар әсіресе Судан мен Газа секторында аштықтың ресми түрде расталуына әкелді. Сонымен қатар, Оңтүстік Судан, Мали мен Гаити елдерінде де ахуал күрделене түсті. Жалпы, әлем бойынша 140 миллион адам әскери шиеленістер салдарынан азық-түлік жетіспеушілігіне тап болды.
Климаттық өзгерістердің кері әсері, әсіресе Эль-Ниньо құбылысы ауыл шаруашылығына соққы болып, 96 миллион адамның азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндірді.
Экономикалық дағдарыстың, инфляция мен валюталардың құнсыздануы 59,4 миллион адамды аштыққа итермеледі.
2024 жылы ауыр аштық жағдайында өмір сүргендер саны 1,9 миллионға жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Оған қоса, әлемде 5 жасқа дейінгі 38 миллион бала жеткілікті тамаққа қол жеткізе алмай отыр.
2025 жылы азық-түлік тапшылығы бұдан да күрделене түсуі мүмкін. Себебі гуманитарлық көмек, әсіресе АҚШ Халықаралық даму агенттігінің қолдауы күрт азайған.
Дегенмен, БҰҰ дерегіне сүйенсек, 15 елде көрсетілген көмек пен қолдаудың арқасында жағдай жақсарған.
Ұйым азық-түлік қауіпсіздігін арттыру үшін ауыл шаруашылығына инвестиция құюдың және осы саланы дамытуға ерекше көңіл бөлу керегін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Газа секторында 65 мыңнан астам баланың аштыққа байланысты ем қабылдап жатқаны хабарланған болатын.
Кілтсөздер: азық-түлік тапшылығы, аштық, БҰҰ есебі, әлемдік азық-түлік қауіпсіздігі, гуманитарлық көмек, климаттық өзгерістер, экономикалық дағдарыс, инфляция, балалардағы аштық.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
