Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Моңғолияда 37-ші Кітап мерекесі басталды
Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда 37-ші жыл сайынғы Кітап мерекесі өз шымылдығын түрді. Биылғы шараны ел президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің тікелей қамқорлығымен ұйымдастырып отыр. Сондай-ақ бұл шараны Президент әкімшілігі, Қоршаған орта және климаттың өзгеруі министрлігі, Мәдениет, спорт, туризм және жастар істері министрлігі, қалалық әкімдік және «Кітап мәдениеті әлемі» қоғамдық ұйымы қолдап отыр.
Үш күнге жалғасатын кітап мерекесінің басты мақсаты – оқу мәдениетін дамыту, кітап оқуға қызығушылық арттыру, сондай-ақ авторларды, жазушыларды, шығармашыл жастарды және баспа индустриясын қолдау. Кітап фестивалі аясында түрлі көрмелер, авторлар мен оқырмандардың кездесулері, отандық және шетелдік баспалар арасында іскерлік келіссөздер, маркетинг шаралары мен жаңа кітаптардың тұсаукесері өтеді. Сондай-ақ «Табиғи экология жөніндегі 50 кітап» жобасы мен балаларға арналған арнайы бағдарламалар бар.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, көктем және күз айларында өтетін бұл кітап мерекесіне жыл сайын 300 мыңнан астам адам келеді. Сондай-ақ, 200-ге жуық баспа, 300-ден астам автор, аудармашы, редактор, иллюстратор және ғалымдар қатысады.
2019 жылдан бері «Кітап мәдениеті әлемі» қоғамдық ұйымы шетелдік қатысушыларды тарту мақсатында арнайы достық бағдарламасын іске қосты. Биыл жиынға Ресей, Қытай және Оңтүстік Кореядан келген авторлар мен баспагерлер қатысуда.
Айта кетейік, Ұлан-Батырда жақында Моңғолияның егіздер қауымдастығының 35 жылдығына арналған мерекелік шеру де өткен болатын.
Кілтсөздер: Моңғолия, кітап мерекесі, кітап фестивалі, Ұлан-Батыр, оқу мәдениеті, баспа, авторлар, экология, балалар бағдарламасы.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
