Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Қырғызстанда Орталық Азиядағы ең ірі тау-шаңғы курорты салынады
Қырғызстанның Ыстықкөл облысында салынып жатқан жаңа тау-шаңғы курорты жыл сайын 2 миллион турист қабылдауды көздейді. Инфрақұрылым толықтай мемлекеттік қаржыландырумен жүргізіліп, шаңғы трассаларының жалпы ұзындығы 250 шақырымға жетеді.
Президент Садыр Жапаровтың айтуынша, Жырғалан ауданындағы бірінші арқанжолдың құрылысы 2026 жылдың шілдесінде аяқталса, қараша-желтоқсанда бірінші кезең іске қосылып, алғашқы шаңғы трассалары жұмысын бастайды. Бұл кезеңге қажетті қаржыны мемлекет өзі қамтамасыз етеді.
Курорт құрылысының екінші кезеңі (Ақ-Бұлак) 2027 жылға, үшінші кезеңі (Боз-Учук) 2028 жылға жоспарланған. Барлық трассалар біріктіріліп, бірыңғай жүйе құрылады.
Туризм инфрақұрылымын дамыту мақсатында жақын уақытта қонақүйлер мен мейрамханалардың құрылысына арналған жер телімдері аукционға шығарылады. Аукционнан түскен қаржы екінші және үшінші кезеңдерге жұмсалады. Жапаровтың айтуынша, республикалық бюджетке салмақ түсірмеу үшін жер сатылымынан түскен қаржы пайдаланылады. Жеңімпаздарға нысандарды екі жылда салып бітіру шарт қойылады.
«Қырғыз Куршевель» мемлекеттік кәсіпорнының директоры Жарқынбек Мақсұтов тәуелсіз бағалаушылар жер құнын анықтап жатқанын мәлімдеді, нәтиже апта соңында белгілі болады. Аукцион маусымның бірінші жартысында ашық онлайн форматта өтеді. Оған мемлекеттік компаниялар, шетелдік және жергілікті инвесторлар, заңды, жеке тұлғалар қатыса алады.
Ыстықкөлде ашылатын тау туризмін дамыту еліміздің экономикасына да айтарлықтай пайда әкеледі деп күтілуде. Құрылыс, сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрі Нұрдан Орунтаев жобаны жүзеге асыру үшін Франциядағы әйгілі Куршевель курортында болып, оның тәжірибесін зерттегенін айтты. "Шетелдік тәжірибені негізге ала отырып, жобаның 30-40%-ына өзгерістер енгіздік. Курорт тек қысқы емес, жазғы туризмді де дамытуға ықпал етеді", – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Ыстықкөлде аққулардың жаппай қырылу дерегі тіркелген болатын.
Кілтсөздер: Ыстықкөл курорты, тау-шаңғы туризмі, Қырғызстан туризмі, инвестиция, жер аукционы, туристерге арналған инфрақұрылым, жаңа курорт.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
