Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
АҚШ атом энергиясын дамытуға серпін бермек
23 мамырда АҚШ президенті атом энергиясын кеңінен пайдалану мақсатындағы төрт маңызды жарлыққа қол қойды. Бұл құжаттар ядролық энергетика саласының дамуын жеделдетуге бағытталған.
The Hill басылымының хабарлауынша, жаңа бұйрықтардың бірі Ядролық реттеу комиссиясынан ядролық реактор құрылысын 18 ай ішінде мақұлдауды талап етеді. Осылайша, бұрын бірнеше жылға созылатын процесс тезірек жүзеге асуы мүмкін. Тағы бір құжат АҚШ-тың энергетика және қорғаныс министрліктеріне федералдық жерлерде ядролық реакторлар салуға мүмкіндік береді. Бұл қадам ядролық энергияны қорғаныс және жасанды интеллект (AI) салаларында қолдануға жол ашпақ.
Америкалық билік сондай-ақ, уран өндіру мен байыту саласын дамытып, Қытай және Ресейге тәуелділіктен арылуды көздеп отыр.
Трамп әкімшілігі ядролық энергия өндірісін төрт есеге арттырғысы келеді. Reuters агенттігінің мәліметінше, соңғы ондаған жылда алғаш рет электр энергиясына сұраныс артып отыр. Бұған жасанды интеллект пен жаңа технологиялар басты себеп болып отыр.
Трамп билікке келген күні-ақ АҚШ-та ұлттық энергетикалық төтенше жағдай жариялағанын Reuters еске салады. АҚШ энергетика министрі Крис Райт AI-ға қажетті қуат көздері мен деректер орталықтарын дамыту жұмыстарын «Манхэттен жобасы 2» деп атады.
Кілтсөздер: АҚШ атом энергиясы, ядролық энергетика, Трамп, ядролық реактор, жасанды интеллект, энергия көздері, уран өндірісі, энергетикалық төтенше жағдай.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
