НАТО-ның жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Марк Рютте жуырда The New York Times басылымына берген сұхбатында Қытай (Си Цзиньпин) Ресейді НАТО-ға шабуылдауға итермелеуі мүмкін, сол арқылы өзі Тайваньды оп-оңай басып алмақ деген болжамын ортаға салды. Бұл пікір сырттай қарағанда ақылға қонымды сценарий секілді көрінгенімен, кейбір сарапшылар оны саяси қорқыныш пен бюджеттік прагматизмнің құралы ретінде бағалауда.
Қара бұлт үйірген басшылар: үрей арқылы ұпай жинау
Біз, постсоветтік кеңістіктің өкілдері, саясаткерден ашықтық пен шынайылықты емес, көбіне беталды сөйлеуді жиі естіп үйренгенбіз. Назарбаевтың «екі сиыр сатып ал», «туғың келсе менімен ақылдас» деген сияқты сөздері көпке белгілі. Мұндай мәлімдемелер — авторитарлық жүйе үшін қалыпты жағдай. Ал демократиялық қоғамдарда басшылар әр сөзіне сайлаушы алдында жауап береді, өйткені ертең сайлауда дауыссыз қалуы мүмкін. Сол себепті олар халықтың көңіл-күйін, уайымын, алаңын ескеріп сөйлеуге мәжбүр.
Демократиялық елдердің көшбасшылары кейде қауіп пен қауіп-қатерді әдейі асырып көрсететіндей көрінеді. Бірақ бұл да бір саяси технология — бюджеттік басымдықты өзгертуге қоғамды дайындау амалы. Қорғанысқа ақша көбейту үшін әлдененің қауіп екенін дәлелдеу керек. Әйтпесе қоғам «неге дәрігердің жалақысы аз, ал танкке миллиард бөлініп жатыр?» деген сұрақ қояды.
НАТО-ға қауіп пен Рюттенің ескертуі
Рюттенің Қытай мен Ресейге қатысты айтқаны жай болжам ғана емес — қоғамдық-саяси атмосфераны қалыптастыру құралы. Қазір Еуропа елдерінде қорғаныс саласын күшейту, қару-жарақ өндірісін жандандыру, армияны қайта жабдықтау мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бірақ оның бәрі — бюджет. Ал бюджет шектеулі. Бір салаға көп бөлсең, басқасына аз қалады.
Осы жерде Қытай мен Ресей «жақсы» қарсылас рөлін атқарады. Ресейдің өзі мұндай рөлге ыңғай танытып-ақ отыр: Медведев секілді бұрынғы президенттердің ядролық шантажы, Ресей ұшақтарының НАТО шекарасын бұзу оқиғалары, теңіз астындағы кабельдерді қиған ресейлік кемелер — бәрі де Батыстың қауіптенуін заңдастырып береді.
Ал Қытайды Тайваньмен қорқытып көрсету — еуропалық сайлаушыны ұйқысынан оятатын тиімді әдіс. Бұл әсіресе тыныш, тоқ өмірге үйреніп қалған Еуропа тұрғындары үшін үлкен резонанс тудырады. Олар үшін соғыс, шектеу, жоқшылық деген ұғым — музейдегі жәдігер сияқты. Бірақ қауіптің шын екенін үнемі сездіру керек. Бұл — әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерден бас тартуға қоғамды дайындаудың құралы.
Авторитаризм мен демократия арасындағы айырма
Авторитарлық режимдерде басшы қоғам алдында есеп бермейді. Сөзіне емес, тек пәрменіне жауапты. Ал демократиялық жүйеде сөз — саяси құрал. Ол арқылы қоғамның назарын аударып, реакцияны бақылап, бюджеттік шешімдерді негіздейді.
Сондықтан Рюттенің мәлімдемесін тек геосаяси алаңда қарастырмай, ішкі саяси күн тәртібімен де байланыстыра білу маңызды. Бұл — қауіптің риторикасын пайдалану арқылы қоғамды қатаң шешімдерге бейімдеу амалы.
Марк Рюттенің мәлімдемесі — қазіргі халықаралық қатынастардың шынайы ахуалынан гөрі, батыстық саяси мәдениеттің ішкі механизмдерін жақсы аңғартатын мысал. Әлемнің демократиялық бөлігінде саясаткер үшін басты қауіп — сыртқы жау емес, ішкі электораттың көңілі. Ал қауіп бар жерде — шектеу де, қатаң саясат та ақтала түседі. Бұл — Батыс саясатының өз ішінде өрбитін, өз ережесімен жүретін логикасы.
Бізге бұл оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ қазіргі әлемде бұл — прагматикалық амал. Саясат сахнасында қорқынышты дұрыс бағытқа бұра білген көшбасшы — жеңімпаз.