Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
АҚШ Қытайдан келетін арзан тауарларға салықты күшейтті: Temu және Shein жаңа қиындықтарға тап болды
АҚШ әкімшілігі Қытайдан келетін арзан тауарларға салынатын салықты айтарлықтай өсірді. Бұл қадам арқылы Temu сияқты қытайлық маркетплейстер Трамп енгізген импорттық шектеулерді айналып өтуге тырысқанымен, Ақ үй биылғы 2 мамырда de minimis ережесінің күшін жойды. Бұрын бұл ереже бойынша құны 800 доллардан төмен сәлемдемелерге салық салынбайтын еді. Осы жеңілдік арқылы Temu, Shein, AliExpress секілді платформалар АҚШ-қа күн сайын 4 миллионға дейін қолжетімді, бірақ сапасы төмен тауар жіберетін.
Жаңа тәртіп бойынша, енді Қытайдан келген әр сәлемдемеге тауар құнының 120%-ы немесе 100 доллар көлемінде салық салынады. 1 маусымнан бастап бұл салық мөлшері тағы екі есе өсуі мүмкін. Бұл өзгерістер Қытайдың арзан тауарларының ағынын айтарлықтай тежейді.
Дональд Трамп de minimis ережесін жоюдың екі басты себебін атады. Біріншісі – арзан әрі сапасыз қытайлық тауарлар мен агрессивті жарнама әділетсіз бәсеке туғызып, шағын және орта бизнесті тығырыққа тірейді. Екіншісі – заңсыз есірткі саудасына тосқауыл қою. Ақ үйдің мәліметінше, Қытайдан келген кейбір посылкалар арқылы синтетикалық опиоидтар, әсіресе фентанил, заңсыз тасымалданады.
Бұған дейін АҚШ Қытай импортына салықты 145%-ға дейін ұлғайтқан болатын. Бұл саясат Temu және Shein сынды ірі маркетплейстерге ауыр тиді. Мысалы, Shein кейбір өнімдерінің бағасын үш есеге дейін қымбаттатып, Temu импорттық алымдарының өзі тауар құнынан асып түсті. Сондай-ақ, бұл интернет-гипермаркеттер жарнама шығындарын күрт қысқартты.
АҚШ осылайша ішкі нарығы мен кәсіпкерлерін сыртқы қысымнан қорғай бастады. Ал Қазақстанда Temu және басқа қытайлық маркетплейстердің үлесі өсе түсті, себебі олар жергілікті кәсіпкерлермен салыстырғанда неғұрлым тиімді шарттарға ие.
Кілтсөздер: Temu, Shein, қытайлық маркетплейстер, АҚШ салығы, импорттық салық, арзан тауарлар, de minimis, шағын бизнес, АҚШ нарығы, Қазақстандағы маркетплейстер.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
