Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Трамптың Таяу Шығысқа сапары: Сауд Арабиясымен жаңа экономикалық келісімдер және өңірлік басымдықтар
АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа президенттік мерзіміндегі алғашқы ресми шетелдік сапарын Сауд Арабиясынан бастады. Сапар барысында екі ел арасында ірі экономикалық және қорғаныс келісімдері жасалды. АҚШ пен Сауд Арабиясы арасындағы қару-жарақ келісімінің құны – 142 миллиард долларды құрайды. Бұл келісім арқылы Сауд Арабиясына АҚШ-тың озық әскери техникасы мен қызметтері жеткізіледі және әскери дайындық пен медициналық қызметтерді жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді.
Сонымен қатар, Сауд Арабиясы Америка экономикасына 600 миллиард доллар инвестиция салуға уағдаласты. Инвестицияның бір бағыты – АҚШ-та жасанды интеллектке негізделген деректер өңдеу орталықтарын құру. Америкалық технологиялық алпауыттар екі елде ілгері технологияларды дамытуға 80 миллиард доллар инвестиция бағыттайды. Одан бөлек, АҚШ Сауд Арабиясына 14,2 миллиард долларға газ турбиналары мен энергетикалық технологиялар, 4,8 миллиард долларға Boeing 737-8 жолаушы ұшақтарын экспорттайды. Сонымен бірге, тараптар энергетика және тау-кен өндірісі салаларындағы стратегиялық әріптестігін күшейтуге келісті.
Трамп Эр-Риядта Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманмен кездесіп, ірі америкалық компаниялар басшылары қатысқан сауд-америкалық инвестициялық форумға қатысты. Форумға Citigroup, IBM, Qualcomm, Alphabet және Franklin Templeton басшылары мен миллиардер Илон Маск, OpenAI директоры Сэм Альтман, Nvidia басшысы Дженсен Хуанг және FIFA президенті Джанни Инфантино қатысты.
Бұл сапарда Трамп АҚШ-қа Парсы шығанағы елдерінен қосымша инвестиция тартуға мүдделі екенін ашық көрсетті. Бұл, әсіресе, оның «Америка бәрінен бұрын» саясатының нәтижелілігін дәлелдеуге бағытталған қадам.
Алдағы күндері Трамп Катар мен Біріккен Араб Әмірліктеріне баруды жоспарлап отыр. Сапарға мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стив Уиткофф пен қорғаныс министрі Пит Хегсет те қатысуда.
Алайда, Трамптың сапар кестесінде Израильдің жоқтығы көзге түседі. АҚШ әкімшілігі бұл елге арнайы бармайтынын мәлімдеді. Дегенмен, сарапшылар бұл Ақ үйдің аймақтағы басымдықтарының өзгеруіне белгі болуы мүмкін екенін айтады.
Газа секторындағы дағдарыс, АҚШ-тың Йемендегі келіссөздері және Иранмен ядролық бағдарламасы бойынша жүргізетін тікелей келісімдер аймақтағы ахуалға әсер етуде. Изтрайль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ-тың өңірдегі саясатынан үміт күтетінін жеткізсе де, Ақ үйдің басты назары экономикалық байланыстар мен инвестиция тартуға ауысып отыр.
Сонымен қатар, Ақ үйдің импорттық тариф саясаты жаһандық саудаға ықпал етіп, АҚШ экономикасына да кері әсерін тигізуі мүмкін деген пікірлер айтылды.
Осылайша, Дональд Трамптың Таяу Шығысқа сапары екіжақты экономикалық байланысты нығайтып, аймақтың геосаяси ахуалында жаңа басымдықтарды айқындап берді.
Кілтсөздер: Трамп, Сауд Арабиясы, АҚШ, экономикалық келісім, инвестиция, Таяу Шығыс, зергерлік серіктестік, әскери техника, Парсы шығанағы, Boeing, энергетика, жасанды интеллект, Израиль, Газа секторы.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
