Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Брюссельде 20 шақырымдық жүгіру марафоны өтті
Брюссельде дәстүрлі 20 шақырымдық жүгіру шарасы ерекше деңгейде ұйымдастырылды. Бұл жарыс жартылай марафонға жатпаса да, қала тұрғындары мен қонақтары үшін маңызды спорттық оқиға саналады. Биылғы жарыс ел астанасында 45-ші рет өтіп отыр.
Марафон Бельгия Тәуелсіздігінің 50 жылдығы аталған саябақтан басталып, қатысушылар Брюссельдің тарихи орталығы мен Еуропалық квартал арқылы жүгіріп өтті. Мәре сызығы қаладағы ең әдемі демалыс орындарының бірі – «Bois de Cambre» саябағында орналасты.
Ұйымдастырушылар қатысушыларға бірнеше жерде су және салқындатқыш сусындар ұсынды. Бұл істе оларға мыңнан астам ерікті көмек көрсетті. Биылғы марафонға 50 мыңнан астам адам тіркелді. Оның ішінде 35 мыңнан астамы – жүгірушілер, 6 мың адам – жаяу жүргіншілер, ал 1 мың қатысушы – мүмкіндігі шектеулі жандар.
20 шақырымдық марафон бағыты Брюссельдің әйгілі көрікті жерлері арқылы өтті. Бұл спорттық шараға Бельгияда тұратын қазақстандықтар да белсене қатысты. Олар халықаралық деңгейдегі марафондарға жүйелі түрде қатысып, салауатты өмір салтын ұстануға үлес қосып жүргендерін айтты.
Финиште барлық қатысушыларға естелік медаль табысталды. Айта кетейік, жақында Астанадағы Триатлон саябағында да жыл сайынғы BI Charity Marathon қайырымдылық шарасы өткен болатын.
Кілтсөздер: Брюссель, марафон, 20 шақырымдық жүгіру, спорттық шара, салауатты өмір салты, қазақстандықтар, марафонға қатысу, Бельгия, халықаралық спорт.
Фото: inform.kz сайтынан алынды