Қазақстанда 200 мың мұғалім жұмысына жасанды интеллект құралы ChatGPT Edu-ды қолдана алады, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, биыл OpenAI республикаға 100 мың лицензия бөледі. Оның 5 мыңы – мектепке дейінгі ұйымдарға, 85 мыңы – орта білім беру ұйымдарына, ал 10 мыңы колледждерге арналған. Жылдың екінші жартысында лицензиялар қайта бөлініп, тағы 100 мың педагогке беріледі.
«Әр мұғалімнің жеке «ақылды көмекшісі» болады. ChatGPT Edu бірнеше минут ішінде сабақ жоспарын дайындауға, тапсырмалар мен тесттер құрастыруға, оқушылардың деңгейіне қарай материалдарды бейімдеуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, күрделі тақырыптарды қарапайым тілмен түсіндіріп, сабақты талқылау, бірлескен жоба немесе зерттеу жұмысы форматына айналдыруға көмектеседі. Мұның бәрін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жасауға болады», – делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар жасанды интеллект бағалау критерийлерін жасауға және оқушылардың жұмысын алдын ала талдауға жәрдемдеседі. Алайда, қорытынды бағаны мұғалімнің өзі қояды.
