Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Францияда электр қуаты үзіліп, мыңдаған үй жарықсыз қалды
Францияның Ницца қаласында түнгі сағат 2-де шыққан өрт салдарынан 45 мың үй электр жарығынан ажырады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бұл оқиға қасақана жасалған болуы мүмкін. Электр энергиясының үзілуі Ницца әуежайын, трамвай жүйесін, сондай-ақ Сен-Лоран-дю-Вар және Кань-сюр-Мер елді мекендерін де қамтыды. Электр жарығы таңертең ғана қайта қосылды.
Ницца мэрі Кристиан Эстрози өртті қатты айыптап, оқиғаны "елге қарсы жасалған қылмыстық әрекет" деп бағалады. Ал қала әкімінің орынбасары Гаэль Нофри өрттің қылмыстық сипаты болуы мүмкін екенін айтты. Жергілікті БАҚ мәліметінше, полиция оқиға орнынан дөңгелек іздері мен бұзылған есіктерді анықтаған.
Айта кетейік, бұл оқиға Канн қаласында электр жарығы өшкеннен кейін бір күн өткен соң орын алды. Сол кезде дәл халықаралық Канн кинофестивалі өтіп жатқан еді. Ол жерде де өрт шығуына күдік бар: шамамен 160 мың үй жарықсыз қалып, бірнеше кино көрсетілімі тоқтатылған. Фестивальді тек генератордың көмегімен жалғастыру мүмкін болды.
Қазіргі уақытта екі оқиға арасындағы байланыстың бар-жоғы ресми расталмады.
Бұған дейін Франциядағы блэкаут кезінде мыңдаған үй мен Канн кинофестивалі жарықсыз қалғаны туралы хабарланған еді.
Кілтсөздер: Франциядағы өрт, электр қуатының үзілуі, Канн кинофестивалі, Ницца, электр жарығы, блэкаут.
Фото: inform.kz сайтынан алынды