Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Фудзи тауында құтқару операциялары үшін ақы алынуы мүмкін
Жапонияның Яманаси префектурасы Фудзи тауына маусымнан тыс уақытта заңсыз көтерілген альпинистерден құтқару шығынын өндіріп алу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл шешім соңғы кезде тыйым салынған кезеңде тауға шығып, қиын жағдайда қалып қойған оқиғалардың жиілеуінен туындады.
Жергілікті билік мемлекеттік қаражатты маусымнан тыс мезгілде құтқаруға жұмсаудың қаншалықты орынды екенін талқылауда. Мамандардың айтуынша, мұндай жүйе альпинистерді заң бұзу әрекеттерінен сақтандыруға ықпал ете алады. Яманаси билігі бұл ретте Сайтама префектурасының тәжірибесіне сүйеніп отыр. Ол жерде таудағы төтенше жағдай кезінде тікұшақпен құтқару ақылы жүзеге асырылады. Енді осыған ұқсас жүйе Фудзи тауы мен басқа да Жапония Альпілерінде енгізілуі мүмкін.
Фудзи тауында биыл көктемде Қытайдан келген студент екі рет құтқарылып, бұл жайт қоғамда сынға ұшырады. Фудзиёсида мен Фудзиномия қалаларының әкімдері смартфон арқылы құтқару қызметіне жөнсіз жүгінетін заң бұзушылардың көбейгенін атап өтті.
Айта кетейік, Яманаcи префектурасының бұл қатаң шарасы Фудзи тауына көтерілетін туристер мен альпинистер үшін ескерту болмақ. Жапониядағы қауіпсіздік ережелерін сақтау – Фудзи тауы мен басқа да тау туризмін дамытудың басты шарты.
Кілтсөздер: Фудзи тауы, альпинистер, Яманаси префектурасы, құтқару операциясы, турист, Жапония Альпілері, тау туризмі, құтқару шығыны.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
