Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Иран мен АҚШ ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді қайта бастады
Иран мен АҚШ ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді қайта жаңғыртты. Бұл туралы Иранның IRNA агенттігі хабарлады. Кезекті келіссөздер АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығысқа сапары қарсаңында, Вашингтонның ұстанымы күшейген тұста өтіп отыр.
Дегенмен, тараптар дипломатиялық келісімді қолдайтындарын айтса да, жаңа ядролық келісімге келу және әскери қақтығыстың алдын алу жолындағы маңызды мәселелер бойынша келіспеушіліктер әлі шешілмей отыр.
Ядролық келіссөздер Оман астанасы Маскатта, осы елдің арағайындығымен ұйымдастырылды. Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Аракчи мен Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф төртінші раундта кезекті кездесулерін өткізді. Бұл келіссөздер кезінде АҚШ тарапының қатаң мәлімдемелері айтылғанымен, Тегеран мұндай сөздер диалогқа кедергі келтіреді деп есептейді.
Иран жағы санкциялардың жойылуына және бейбіт ядролық энергияны дамыту құқығының мойындалуына баса мән беретінін жеткізді.
— Иран делегациясы өз халқының мүддесін қорғап, бейбіт атом энергиясы бағыты бойынша жетістіктерді сақтай отырып, санкцияларды алып тастауға күш салады, — деді Иран сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Бакаи.
Келіссөз алдында Аракчи Иранның уран байыту құқығы талқылауға жатпайтынын нақтылады.
— Иранның нақты ұстанымы бар және біз маңызды келісімге қол жеткіземіз деп үміттенеміз, — деді Аракчи Иран мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында.
Сондай-ақ, ол келіссөздер шешуші кезеңге жақындады деген сенім білдірді.
— Таңертең Тегеранда қосымша кеңес өткіздік, алдағы раундтан маңызды нәтиже күтеміз, — деді ол.
Аталмыш келіссөздер бір ай бұрын басталған кездесулердің жалғасы саналады. Бұған дейін Маскат пен Римде үш раунд өтті. Тараптар ілгерілеу барын айтқанмен, уран байыту құқығына қатысты қарама-қайшылықтар әлі шешілген жоқ. Тегеран бұл құқықты талқылауға жатпайтын мәселе деп есептесе, Вашингтон оны «қызыл сызық» деп отыр.
Келіссөздердің келесі кезеңі Оманда 11 мамырда өтеді деп жоспарланған.
Кілтсөздер: Иран, АҚШ, ядролық келіссөз, уран байыту, санкциялар, ядролық бағдарлама, Маскат, Оман.
Фото: inform.kz сайтынан алынды