Иран әлемдегі ең маңызды су жолдарының бірі – Ормуз бұғазын достас елдердің кемелері үшін ашты. Бұл тізімге кірмей қалған мемлекеттер бұл жолды пайдалана алмайды, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Иран СІМ басшысы Аббас Арагчидің айтуынша, бұғаз арқылы Ресей, Қытай, Үндістан, Ирак және Пәкістан кемелері еш кедергісіз өте алады.
«Біз Ормуз бұғазын өзімізге дос санайтын бірнеше ел үшін аштық. Қарсыластарымызға бұл жолды пайдалануға рұқсат берудің еш қисыны жоқ», – деді Арагчи.
Reuters агенттігінің жазуынша, Тегеран бұл шешімі туралы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен Халықаралық теңіз ұйымына ресми хабарлама жіберген. Онда Иранға қауіп төндірмейтін және оған қарсы агрессияға қатыспайтын кез келген шетелдік кеме қауіпсіздік талаптарын сақтаған жағдайда, Иран билігімен келісе отырып, бұғазды пайдалана алатыны айтылған.
Сонымен қатар Тегеран тағы бір маңызды бағыт – Баб-әл-Мандеб бұғазына да қатер төнуі мүмкін екенін ескертті. Егер Иран аумағына құрлықтан әскер кіргізілсе, ел бұл бұғазды да жауып тастауға дайын.
«Баб-әл-Мандеб бұғазы – әлемдегі стратегиялық маңызды бұғаздардың бірі. Иранның оған нақты қауіп төндіруге ерік-жігері де, мүмкіндігі де бар. Сондықтан америкалықтар Ормуз мәселесін ақымақ шаралармен шешкісі келсе, өз проблемаларына тағы бір бұғазды қосып алмауды ойлануы керек», – деді Tasnim агенттігіне әскери дереккөз.
Баб-әл-Мандеб бұғазы Йемен мен Эритрея арасында орналасқан және Аден шығанағын Қызыл теңізбен байланыстырады. Бұл – әлемдік сауданың негізгі жолдарының бірі. Дүниежүзілік теңіз тасымалының 12%-ы, контейнерлік трафиктің 30%-ға жуығы осы бұғаз арқылы өтеді. Жыл сайын бұл дәлізді 20 мыңға жуық кеме пайдаланады.
Бұған дейін Вашингтон Тегеранға 15 тармақтан тұратын бейбіт келісім жобасын ұсынғаны белгілі болған. Қазір бұл құжат жабық арналар арқылы талқыланып жатыр.
