Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Триполиде қарулы қақтығыстар: Ливияда қауіпсіздік дағдарысы жалғасуда
12 мамыр күні кешке Ливия астанасы Триполиде бірнеше ауданда қарулы қақтығыстар орын алды. Қақтығыстар Ливия президенттік кеңесі жанындағы Тұрақтылықты қолдау аппаратының (SSA) басшысы, «Ганива» атымен танымал Абдель Гани әл-Киклидің қаза тапқаны туралы мәлімет шыққаннан кейін ушыға түсті.
Куәгерлер мен жергілікті БАҚ Әбу Салим мен Салах ад-Дин секілді халық тығыз қоныстанған аудандарда оқ атылғанын хабарлады. Қала билігі тұрғындарды қозғалыстан бас тартуға және үйлерінен шықпауға шақырса, қала бойынша шектеу шаралары енгізілді. Триполи университеті де қақтығысқа байланысты уақытша жабылды.
Ливия ішкі істер министрлігі тұрғындарға қауіпсіздік мақсатында үйде болуға кеңес берді. Ал Әбу Салим ауданын қорғауды елдің қорғаныс министрлігі қолға алды. Сонымен қатар, қалада Зинтан, Әз-Завия және Мисурата қалаларынан келген қарулы топтардың қозғалысы байқалды. Бұл қалалардың астанадағы ахуалға ықпалы жоғары екені белгілі.
Ең кем дегенде алты адамның жараланғаны туралы хабарланды, бірақ олардың жағдайы нақтыланбады. 13 мамыр күні Ливия қорғаныс министрлігі Триполидегі әскери операцияның сәтті аяқталғанын жариялады.
БҰҰ-ның Ливиядағы миссиясы (UNSMIL) тараптарды атысты дереу тоқтатуға және халықаралық гуманитарлық құқық талаптарын сақтауға шақырды.
Бақылаушылардың пайымдауынша, бұл оқиға Ливиядағы қауіпсіздік дағдарысының сақталып отырғанын көрсетеді. 2020 жылы атысты тоқтату туралы келісім жасалғанына қарамастан, түрлі қарулы топтар негізгі өңірлерге әсерін жалғастыруда. Елдегі саяси тұрақсыздық пен экономикалық ресурстарды бақылау үшін болған бәсекелестік қақтығыстың үдей түсуіне әкеліп отыр.
Бүгінде Ливия басқару жүйесі бірнеше фракцияға бөлінген. Елдің батысында Ұлттық бірлік үкіметі орналасқанымен, бұл аймақтың өзі әртүрлі топтардың ықпалында. Ливия шығысын басқа күш құрылымдары басқарады.
Саяси тұрақтылықты орнықтыруға бағытталған халықаралық шаралар жалғасқанымен, әзірге ұлттық деңгейде сайлау өткізу мүмкін болмады.
Айта кетейік, бұған дейін Түркия мен Ливия жылдық сауда көлемін 10 миллиард долларға дейін арттыру жөнінде шешім қабылдаған болатын.
Кілтсөздер: Ливия, Триполи, қақтығыс, қауіпсіздік дағдарысы, қарулы топтар, саяси тұрақсыздық, Абдель Гани әл-Кикли, SSA, Ұлттық бірлік үкіметі, БҰҰ, Ливия жаңалықтары.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
