Абайдың 180 жылдығына орай бастау алған «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген өңірлер Абай облысына мәдени-әлеуметтік нысандар тарту етуде. Бұл бастама ұлт руханияты мен ауызбіршілігін нығайтуда ерекше рөл атқарып отыр. Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған акцияға алғашқылардың бірі болып үн қосқан — Маңғыстау облысы. Мұнайлы өлке тұрғындары Семей қаласына заманауи Достық үйін салып беретін болды. 2025 жылдың 4 шілдесінде Абай облысының әкімі Берік Уәли Маңғыстаудан келген делегациямен кездесу өткізді. Кездесуге Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов, әкім орынбасары Тілеген Әбішев, қоғам белсенділері мен мемлекеттік қызмет ардагерлері қатысты.
Ұлттың ұйысуын қолдайтын нақты іс
Берік Уәли кездесуде Маңғыстау облысының игі бастамаға алғашқы болып үн қатқаны үшін ризашылығын білдіріп, бұл құрылыстың Абай халқы үшін маңызды екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Абайға құрмет» акциясы аясында әр облыс бірегей нысандар салып беруде. Маңғыстау облысы Семей қаласына Достық үйін тарту етуді жоспарлап отыр. Бұл — елдің бірлігі мен бауырмалдығын паш ететін тарихи қадам», — деді облыс әкімі.
«Semey Smart City» – болашақтың қалашығы
Кездесуден соң маңғыстаулық делегация Семей қаласындағы «Semey Smart City» ықшам ауданының құрылысына барды. Бұл жаңа аудан 75 мың тұрғынға арналған және мың гектардан астам аумақты қамтиды. Онда Достық үйінен бөлек, Жастар сарайы, Жекпе-жек орталығы, Филармония, Ғалымдар үйі, Музейлер, Этносаябақ, Сауда кешендері мен балабақшалар сынды 40-тан астам әлеуметтік нысандар бой көтермек.
Аймақ басшысы жаңа ықшам ауданның экологиялық және мәдени ерекшеліктеріне тоқтала келе:
«Бұл аудан Ертіс өзенінің жағалауына жақын орналасқан. Табиғаты көркем, инфрақұрылымы заманауи. Құрылыстың қарқыны жоғары. Маңғыстау делегациясының алғашқы болып келіп, нысандармен танысуы — сәттіліктің нышаны деп қабылдаймыз», — деді.
Достық үйі – көпэтносты Қазақстанның символы
Семей қаласында бой көтеретін Достық үйі — еліміздегі ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты дәріптейтін, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтатын маңызды рухани-мәдени орталық болмақ. Онда түрлі этномәдени бірлестіктер жұмыс істеп, ұлт мәдениетін танытатын іс-шаралар ұйымдастырылады.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов:
«Қазақта көршісі шаруа бастап жатса, қасынан құр өтпейді деген сөз бар. Бұл жобаның ел болашағы үшін маңызы зор. Халықтың игілігіне жарайтын нысан боларына сенеміз», — деп, жерлестерінің ниетін жеткізді.
Ұлттық ынтымақтың жарқын көрінісі
«Абайға құрмет» акциясына еліміздің барлық өңірлері белсенді түрде қатысып отыр. Түркістан, Ақтөбе, Жетісу, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы облыстары және Шымкент, Астана, Алматы қалалары өз тартуларын дайындауда.
Маңғыстау облысының бастамасы — Қазақстанның түрлі өңірлерінің арасындағы рухани көпір, ұрпаққа үлгі боларлық игілікті іс. Бұл ел ішіндегі достық пен бірлікті нығайтып, Абай мұрасын ұлықтауға бағытталған маңызды бетбұрыс.