Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Labubu ойыншығына сұраныстың күшеюі Ұлыбритания дүкендерінде тәртіпсіздікке себеп болды
Labubu ойыншығы төңірегіндегі дүрбелеңнен кейін Ұлыбританиядағы Pop Mart дүкендерінде сатылым маусым айына дейін уақытша тоқтатылды. Бұл шешім соңғы кездері дүкен алдында тұтынушылар арасында жаппай төбелес пен жанжал көбейіп кеткен соң қабылданды.
Labubu – гонконгтық суретші Касинг Лунг ойлап тапқан ерекше қоян-монстрға ұқсас жұмсақ ойыншықтар. Labubu ойыншықтары дүкенде «соқыр қорап» форматында сатылады, яғни сатып алушы қайсысы түсетінін алдын ала білмейді. Коллекциялық ойыншықтар мен олардың шектеулі шығарылымы жанкүйерлер арасында үлкен сұраныс туғызып отыр.
Pop Mart-тың алғашқы дүкені Лондонда ашылғаннан кейін Labubu-ға деген қызығушылық күрт артты. Бұл әсіресе әлеуметтік желілердегі танымал инфлюенсерлер мен жұлдыздардың (мысалы, Рианна, Дуа Липа) жарнамасы арқылы танымалдылық алды. Ойыншық сатылымы ашылған күндері дүкен алдында тұтынушылар таңнан бастап кезекке тұратын болған. Алайда, адамдардың көп жиналуы нәтижесінде түрлі итеріс, тіпті төбелес орын алды. Daily Mail оқиғаны видеоға түсіріп, видео TikTok пен Instagram желісіне тез тарады.
Осыған байланысты Pop Mart өзінің Instagram парақшасында Ұлыбританиядағы барлық дүкендерде Labubu сатылымын уақытша тоқтататынын хабарлады. Компания бұл – клиенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан қадам екенін атап өтті.
— Labubu мен Pop Mart ойыншықтарына қызығушылық өте жоғары, бірақ біз үшін ең маңыздысы – сатып алушыларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, – делінген компанияның ресми хабарламасында.
Pop Mart онлайн сатылымның жалғаса беретінін және болашақта сатып алуды әділ әрі ұйымдасқан ету үшін жаңа жүйе енгізілетінін мәлімдеді. Компания жанкүйерлерге келесі партияға қатысты ақпаратты ресми арналардан қадағалау керегін ескертті.
Айта кетейік, TikTok желісінде #Labubu хэштегі 1,4 миллионнан астам қаралым жинаса, Instagram-да бұл ойыншық жайлы 925 мыңнан артық жазба бар. Соңғы жаңалықтардың бірі бойынша, Lego компаниясы қайта өңделген пластиктен ойыншық жасау идеясынан бас тартты.
Кілтсөздер: Labubu ойыншықтары, Pop Mart, Ұлыбритания, коллекциялық ойыншық, дүкендегі төбелес, жұмсақ ойыншық, әлеуметтік желі, сатып алу, дүкендерде тәртіпсіздік, онлайн сатылым.
Фото: inform.kz сайтынан алынды