Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Мьянмада мектепке жасалған әуе шабуылынан 22 адам қаза тапты
Мьянманың орталығындағы Сагаин аймағының Ое Хтейн Квин ауылында мектепке жасалған әуе шабуылы салдарынан 22 адам мерт болды. Жергілікті куәгерлердің айтуынша, трагедиялық оқиға 12 мамыр күні таңғы сағат 10:00 шамасында орын алған. Әлгі мектепте 20 оқушы мен 2 мұғалім қаза тапқанын мектеп қызметкері растады.
— Балаларды аман алып қалуға барынша тырыстық, бірақ авиация бомба тастап үлгерді, — деді мұғалім AFP агенттігіне.
Сагаин аймағы биыл 28 наурызда жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен еді. Сол себепті әскери билік 31 мамырға дейін уақытша бітім жариялаған болатын.
Айта кетейік, Мьянмада 1948 жылдан бері қарулы қақтығыстар тоқтаусыз жалғасуда. 1960 жылы генерал У Не Вин әскери төңкеріс жасап, елдегі азаматтық соғыстың өршуіне себеп болған. Мамандардың айтуынша, 2023 жылдың қыркүйегіне дейін үкімет әскері мен этникалық қарулы топтар арасындағы ұрыс салдарынан 2 миллион адам босқынға айналып, 6 мыңнан аса адам қаза тапты.
Бұған дейін Мьянмада қылмыстық топтардың қолына түскен қазақстандықтардың құтқарылғаны белгілі болған.
Кілтсөздер: Мьянма, әуе шабуылы, Сагаин аймағы, мектепке шабуыл, қарулы қақтығыс, азаматтық соғыс, жер сілкінісі, босқындар.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
