Ресейдің Усть-Луга кентіндегі маңызды порттарға соққы жасалғаннан кейін тәртіпсіздіктер бұрқ ете қалды. Арасында қазақстандықтар да бар жүздеген жұмысшы «Газпром» мердігерінің құрылыс алаңында жаппай төбелес ұйымдастырды, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Усть-Лугада болған оқиғаны жай ғана төбелес деп атау қиын. Әлеуметтік желіде тараған кадрларға қарағанда, бұл нағыз қырғын болған. Жүздеген ер адам бір-бірімен жаға жұлысып, тас лақтырып жатыр. Айналадан айқай-шу, боқтық сөздер, тіпті атылған оқтың даусы естіледі.
Ресми түрде жанжал тұрмыстық сипатта деп айтылады. Алдын ала мәлімет бойынша, бәрі бір жұмысшының ұсталуынан басталған. Ол Қазақстан азаматы болуы мүмкін деген болжам бар. Жұмысшыны күзет қызметкерлері тоқтатқан.
Жанжалдың нақты неден шыққаны және оқиға болған «Велесстрой» компаниясы туралы әзірге толық ақпарат жоқ. Алайда, шетелдік БАҚ бұл компания иесін «Путиннің әмияны» деп атайды.
