Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Румынияда өткен президент сайлауының алғашқы турынан кейін елде саяси ахуал күрт өзгерді. Бұл турда «Румындарды біріктіру альянсының» ұлтшыл жетекшісі Джордже Симион алға шықты. Енді ол екінші турда Бухарест мэрі, центрист Никушор Данмен президенттік қызмет үшін бақ сынайды.
Үкімет коалициясының атынан түскен Крин Антонеску небәрі үшінші орынға ие болды. Оның нашар нәтижесінен кейін Румыния премьер-министрі Марчел Чолаку отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді.
– Коалиция өзіне жүктелген міндетті орындай алмады және румын халқы сенім білдірмеді. Сол себепті мен Социал-демократиялық партияның коалициядан шығуын ұсынамын. Егер әріптестерім бұл ұсынысты қолдаса, мен премьер-министр лауазымын босатамын, – деді Марчел Чолаку.
Еске салсақ, Румыниядағы президент сайлауының алғашқы туры 4 мамырда өткен болатын.
Кілтсөздер: Румыния, президент сайлауы, Джордже Симион, Никушор Дан, Марчел Чолаку, коалиция, ұлтшыл саясаткер.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
