Абай облысында «Семейдің мәдени маусымдары» атты жыл бойы жалғасатын жаңа жоба басталды. Оның ашылуында облыс әкімі Берік Уәли қала тұрғындарына бірнеше маңызды жаңалықты жеткізді, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Жаңа бастама 14 наурыз – Амал мерекесіне орай Семейдегі Республика алаңында өткен «Семей көктемі» фестивалімен басталды. Алаңға киіз үйлер тігіліп, театрландырылған көрініс көрсетілді, онда көрісу, қауышу дәстүрі мен аластау рәсімі жаңғыртылды.
Облыс әкімі Берік Уәли биылғы Наурыз мейрамы жаңа «Наурызнама» онкүндігі аясында тойланатынын атап өтті.
«Бұл онкүндіктің басты мақсаты – Наурыз мейрамын тек бір күндік думан емес, тұтас бір ұлттық жаңғыру кезеңіне айналдыру», – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, ол өңірдің мәдени өміріне серпін беретін «Семейдің мәдени маусымдары» жобасының басталғанын жариялады.
«Жоба аясында мәдени шаралар жылдың төрт мезгіліне сәйкес ұйымдастырылады. «Семей көктемі», «Семей жазы», «Семей күзі», «Семей қысы» атты маусымдар арқылы халқымыздың өнері мен мәдениеті жаңа мазмұнда насихатталатын болады. Бұл жобамыз хакім Абайдың төрт маусымды жырға қосқан классикалық өлеңдерінен тамыр тартады», – деп түсіндірді Берік Уәли.
Әкімнің ең басты жаңалығы – Семейді көркейту жұмыстарының биыл бірнеше есеге ұлғаятыны болды. Оның айтуынша, қалада 100 аула абаттандырылып, тағы 100 аулаға асфальт төселеді. Сондай-ақ 100 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, 100 көше жарықтандырылады. Салыстыру үшін, былтыр 35 аула абаттандырылып, 52 көшеге жөндеу жасалған еді.
«Наурызнама» онкүндігі кезінде облыс бойынша 300-ден астам мәдени, әлеуметтік және спорттық іс-шара өткізу жоспарланған.
