Өскеменде Жеңіс көшесі, 10 мекенжайында орналасқан «Magnum» супермаркеті «Время истекло» азаматтық бастамасының тексерісінен кейін тағы да дау ортасында қалды. Белсенділердің айтуынша, дүкен сөрелерінен бір жылдан аса бұрын жарамдылық мерзімі өткен өнімдер еркін сатылымда тұрған.
Алғашқы рейдтен кейін супермаркет әкімшілігі заңбұзушылықтарды мойындап, жағдайды түзетуге уәде берген. Алайда арада бір ай өтсе де, мәселе шешілмей, керісінше күшейген. Белсенділер бұл жолы ет өнімдері мен қышқыл-сүт тағамдарының да мерзімі өтіп кеткенін анықтады.
Жаңа адамдар қозғалысының өкілдері назар аударту үшін ерекше акция ұйымдастырды: мерзімі өткен тауарларға толы үш бөшкені «Magnum мерзімі өткен тауарларды сатады» деген жазуы бар газельге тиеп, қала көшелерімен жүріп өтті. Кейін олар бөшкелерді химқорғау костюмдерімен дүкенге қайта әкеліп, ресми түрде тауарды қайтарды.
Акция кезінде дүкен директоры өзі келіп, жағдаймен танысты. Ол ескі тауарларды утилизациялауға қатысып, мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынына уәде берді.
Амина Аманбаева, «Жаңа адамдар» қозғалысы:
«Мерзімі өткен тауар — бұл тек сапасыз өнім емес, бұл — мерзімі өткен сана. Егер өзгеріс керек десек, үнсіз қалмайық. Дүкендерде ескі өнім көрсеңіздер — суретке түсіріп, бізге жіберіңіздер. Бұл — үлкен өзгерістердің бастауы» деді.