Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Чанаккаледе ірі жол апаты: 8 адам қаза тауып, 20-сы жарақат алды
Түркияның Чанаккале-Эзине автожолында жантүршігерлік жол апаты болды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, отын тиеген жүк көлігі аударылып, қарсы бағытқа шығып кетіп, жолаушылар автобусы мен жеңіл көлікпен соқтығысқан. Апат салдарынан 8 адам қаза тапты, тағы 20 адам түрлі жарақат алды.
Жол-көлік оқиғасы болған жерге жедел түрде жедел жәрдем, өрт сөндірушілер, полиция және жандармерия қызметкерлері келді. Чанаккале облысының губернаторы Өмер Тораманның сөзінше, жүк көлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмған. Автобуста барлығы 25 адам болған, оның үшеуі экипаж мүшесі. Апаттан бес жолаушы оқиға орнында қаза тапса, үш адам ауруханада көз жұмды. Бірнеше адамның жағдайы ауыр деп жарияланды.
Түркияның әділет министрі Йылмаз Тунч қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтып, жараланғандарға тез сауығуын тіледі және оқиғаның себептері толығымен зерттелетінін айтты.
Апатқа байланысты жол қозғалысы уақытша тоқтатылып, кейін балама бағыттар арқылы ашылды. Эзине қаласының прокуратурасы жол апатына байланысты арнайы тергеу жүргізуде, екі прокурор істің мән-жайын анықтаумен айналысып жатыр.
Айта кету керек, Түркияда жол апаттарынан болатын өлім-жітімді азайту үшін заң талаптарын күшейту, жол-көлік қауіпсіздігі деңгейін арттыру және жүргізушілерге арналған арнайы оқыту бағдарламалары енгізілуде. Десе де, елде жүк көліктері мен жолаушылар автобустарының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиі кездеседі. Осыған ұқсас қайғылы оқиға бұған дейін Денизли облысының Сарайкей ауданында тіркелген еді.
Сонымен қатар, жақында Түркияның батысында 4,5 балдық жер сілкінісі болғанын да атап өткен жөн.
Кілтсөздер: Түркия, жол апаты, Чанаккале, жолаушылар автобусы, жүк көлігі, жол-көлік оқиғасы, жарақат, қайғылы оқиға, жол қауіпсіздігі.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
