Жапония Қазақстаннан мұнай сатып алуға мүдделі. Елдің ірі INPEX компаниясы Қазақстан мен Әзербайжан шикізатын жапондық сатып алушыларға бірінші кезекте жөнелтуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Әңгіме Каспий теңізіндегі Қашаған және Әзер-Шырақ-Гүнешли кен орындарынан өндірілетін мұнай туралы болып отыр. Қазір бұл көлемнің басым бөлігі Еуропаға жөнелтіледі. Алайда жапондық компаниялардан сұраныс түссе, тасымал бағыты өзгеруі мүмкін.
Жапонияның бұл қадамға баруына Таяу Шығыстан мұнай тасымалдаудағы тәуекелдер себеп. Бүгінде Токио «қара алтынның» 90%-дан астамын осы аймақтан алады. Yomiuri басылымының жазуынша, Ормуз бұғазындағы тұрақсыздыққа байланысты ел балама бағыттарды іздей бастаған.
Дегенмен, бұл істің бір қиындығы бар: ол – логистика. Қазақстан мұнайын Қызыл теңіз арқылы немесе Африканы айналып тасымалдауға тура келеді. Салдарынан жеткізу мерзімі Ормуз бұғазы арқылы тасымалданатын 20 күннің орнына, 35-55 күнге созылуы мүмкін.
Жалпы, Токио өзінің энергетикалық стратегиясын қайта қарап жатыр. Қазақстаннан бөлек, Оңтүстік Америка мен АҚШ-тан мұнай жеткізу мүмкіндіктері де қарастырылуда.
