Саясаттанушы Дулат Бәкішев АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Иранмен текетіресінің астарындағы жеке себептерді талдады. Оның айтуынша, екі саясаткер де ішкі мәселелерінен назар аударту үшін жанжалды пайдаланғысы келген, бірақ Иран олар күткеннен әлдеқайда қуатты болып шықты, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Сарапшы өзінің Оңтүстік Кореядағы университет профессоры екенін, сол себепті академиялық еркіндігі бар екенін алға тартып, бейтарап талдау жасайтынын ескертті. Ол кейбіреулердің өзінен «демократияға жақтас болып, аятоллалар режиміне қарсы тұруды» талап ететінін, алайда сарапшы үшін бастысы шындықты айту екенін жеткізді.
«Демократия үшін күресетін ел мен адамның алдымен өзінің құндылығы мен пиғылы дұрыс болуы қажет», — дейді саясаттанушы.
Бәкішевтің пікірінше, Дональд Трамптың жанжалды бастауына бірнеше себеп болғанымен, ең бастысы – «Эпштейн файлдары». Ол қылмыскер Джеффри Эпштейннің «ләззат аралына» барып, компроматқа іліккен «элита өкілдерінің» бірі ретінде аталады.
«Трамптың мақсаты – биыл қарашада өтетін сайлау алдында осы дауды ұмыттырып, АҚШ сайлаушыларының назарын өзінің кезекті «ұлы жеңісіне» аудару болды. Алайда Тегеран оңай берілмеді. Олар соғысқа сақадай сай дайын екенін көрсетіп, болашақты болжай алған. Иранның әскери әлеуеті Трамп үшін нағыз тосынсый болды», – деп жазады сарапшы.
Екінші кейіпкер – Израиль премьері Биньямин Нетаньяху. Ол да Газадағы қанды қырғыннан халықаралық қауымдастықтың назарын Ирандағы «жеңісіне» аудартқысы келген.
«2026 жылдың 28 ақпанында басталуы керек сот процесін де бұл «батыр» Тегеранға бір оқ атып, елінде төтенше жағдай жариялау арқылы тоқтатып тастады. Егер Иранды жеңгенде, оның біраз күнәсі кешірілер еді», — деп атап өтті Бәкішев.
Сарапшы «демократия әкелушілердің» өздері заңсыздыққа барып отырғанын, сондықтан олар жеңген күннің өзінде Иранда демократия орнатпайтынын, себебі мақсаттары басқа екенін айтады.
Сонымен қатар ол Иран билігін қолдамайтынын, бірақ геосаяси тұрғыдан бұл елдің Орталық Азия үшін маңызы зор екенін мойындайды. «Бұл елдің тұрақты болғаны біздің қауіпсіздік пен экономикалық мүдделерімізге сай келеді», – дейді ол.
Иран 47 жылдық санкцияларға қарамастан, агрессияға төтеп бере алды. Оның дрондары, гиперсоникалық зымырандары мен басқа да қарулары заманауи соғыс талаптарына сай екенін көрсетті. Тегеран ұзаққа созылатын қақтығысқа дайын болып шықты.
«Трамп пен Нетаньяху бұл соғысқа ішкі саяси қажеттілікпен, ойланбай, дайындықсыз кіріп кетті. Олар «Аятолланы өлтірсек, Иран билігі ыдырайды, оңай жеңеміз» деп сағым қуып келді. Бірақ бұл жердің дүкен сөресінде «жеңіс» атты тауар болмай шықты. Керісінше, көбінің атауы «жеңіліс» екен», – деп түйіндеді саясаттанушы.
