Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
АҚШ заңсыз мигранттарға елден өз еркімен шығуға мүмкіндік беруде
АҚШ президенті Дональд Трамп ел тарихында алғаш рет заңсыз мигранттарға арналған «өз еркімен елден шығу» бағдарламасын іске қосты. Президент Truth Social желісінде арнайы жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді. Енді кез келген заңсыз мигрант АҚШ-тан тегін әуе билетімен кете алады. Бұл процесті жеңілдету үшін арнайы мобильді қосымша іске қосылған, онда қай азамат алдағы сапарына билетін алдын ала рәсімдей алады.
Дональд Трамп заңсыз миграция мәселесін шешу үшін «өте маңызды шығу бонусы» қарастырылғанын айтты. Алайда оның нақты көлемін жарияламады. АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі ерікті түрде елден кететін мигранттарға 1000 доллар көлемінде сыйақы төленетінін бұған дейін хабарлаған еді.
Заңсыз мигранттарға АҚШ-та қалуды жалғастырған жағдайда, қатаң шаралар қолданылады. Олардың қатарында айыппұл, мүлікті тәркілеу, ұзақ мерзімді түрме жазасы мен мәжбүрлі депортация бар. Президент Трамп «АҚШ-қа қажетсіздер кез келген уақытта біз белгілеген елге депортациялануы мүмкін» деп ескертті.
— Барлық заңсыз мигранттарға айтарым — тегін билетке дәл қазір өтінім беріңіздер! Біз Американы заңсыз мигранттардан босатқымыз келеді, — деді президент.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының елшілігі де АҚШ-та жүрген азаматтарға өз еркімен елден қайтуға үндеу жасаған еді. Сондай-ақ, АҚШ-тан Өзбекстан арқылы Қазақстанға депортацияланған мигранттар арасында қазақстандықтар да бар.
Кілтсөздер: АҚШ, заңсыз мигрант, депортация, Трамп, мобильді қосымша, тегін билет, Қазақстан, миграция.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
