Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Триполидегі жағдай шиеленісті: Дбейба үкіметіне қарсы жаппай наразылық
Ливия астанасы Триполиде Абдель Хамид Дбейба бастаған Үкіметке қарсы мыңдаған адам жиналды. Наразылыққа шыққандар премьер-министрдің отставкасын талап етіп, оның кеңсесіне қарай бет алды. Шерушілер Дбейба мен Ішкі істер министрі Имад Трабелсидің портретін ұстап шықты, ал ұрандар арасында «Халық үкіметтің құлағанын қалайды» және «Дбейба, сен америкалық агентсің» деген сөздер естілді.
Бұған дейін Ұлттық бірлік үкіметі – ҰБҮ мәліметінше, үкімет басшысы Дбейбаның штаб-пәтері маңында наразыларға оқ атылған. Бұл оқиға Дбейбаның отставкасын талап еткен топтың әрекетіне жауап берілген. Сондай-ақ, ресми ведомство Дбейбаның кеңсесіне басып кірудің алдын алғанын хабарлады.
Ливия Пресс агенттігінің дерегінше, жаппай наразылық өршігеннен кейін Дбейба кабинетінің жеті министрі мен төрт орынбасары отставкаға кету туралы өтініш берген. Олардың қатарында Денсаулық сақтау, Тұрғын үй және құрылыс, Жергілікті өзін-өзі басқару, Су ресурстары, Экономика, Мәдениет, Индустрия және минералды ресурстар министрлері бар.
Қақтығыстардан қала тұрғындары да зардап шекті. Жергілікті мәліметке сенсек, соңғы бір түн ішінде кем дегенде 6 адам қаза тауып, 70-тен аса тұрғын жараланған. Қақтығыстар дүйсенбі кешке 444-ші жауынгерлік бригада мен қауіпсіздік құрылымдары арасында басталды, оған осы құрылымдардың жетекшісі Махмуд Хамзаның қаза тапқаны түрткі болды.
Триполи жағдайы одан әрі ушығып, үкімет дағдарысқа ұшырады. Ливиядағы ахуалға ден қойған халықаралық сарапшылар наразылықтың негізгі себебі ретінде Дбейба үкіметінің әрекетіне көңілі толмаған бұқараның ашу-ызасын атап көрсетеді.
Кілтсөздер: Триполи, Ливия, Дбейба, үкіметке қарсы шерулер, наразылық, Ұлттық бірлік үкіметі, қақтығыс, жұмылдырылған күштер, министрлер отставкасы.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
