Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Ватиканда жаңа Рим Папасын ұлықтау рәсімі өтті
Ватиканның Әулие Петр алаңында жаңа Рим Папасы Лев XIV-ті ұлықтау рәсімі өтті. Жиынға жиналған халық саны 250 мыңға жуықтады, оларды понтифик өзі арнайы дайындалған электрлі папамобильмен қарсы алды. Mercedes-Benz G580 EQ электр көлігінің негізінде жасалған бұл жаңа папамобиль Ватиканның ерекше талаптарына сай әзірленген.
Папа Лев XIV алаңды толықтай айналып өтіп, сенушілермен жақыннан кездесті. Ол бірнеше жерде аялдап, жаңа туған сәбилерге батасын берді.
Рәсім барысында понтифик Via della Conciliazione көшесіне шығып, бұл жерде де мыңдаған адам оны қарсы алды. Кейін Папа Әулие Петр соборына бет алды.
Салтанатты рәсімде Рим Папасы дәстүрлі түрде папалық биліктің символдары – «балықшының жүзігін» және паллийді (арнайы жүннен тігілген, крестпен кестеленген лента) қабылдап, өз қызметін ресми түрде бастады.
Жаңа понтификті ұлықтау шарасына АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляйен сынды халықаралық мәртебелі қонақтар қатысты. Салтанат аясында Вэнс, фон дер Ляйен және Италия премьер-министрі Джорджа Мелони үшжақты кездесуде халықаралық мәселелер мен АҚШ-ЕО ынтымақтастығын талқыламақ.
Айта кетейік, жуырда ғана Папа Лев XIV-тің балалық шағы өткен Чикагодағы үйі аукционға шығарылғаны хабарланды.
Кілтсөздер: Ватикан, Рим Папасы, Лев XIV, папамобиль, Әулие Петр алаңы, Mercedes-Benz, электр көлік, ұлықтау рәсімі, халықаралық қатысушылар, рим католик шіркеуі.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
