Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Қырғызстандағы заңсыз мигранттар саны 5 мыңға жетті
Қырғызстанда заңсыз жүрген мигранттар саны 5 мыңға жуықтады. Бұл туралы елдің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті хабарлады. 2024 жылдың басынан бері Қырғызстанға 61 мың турист, 30 мың студент, 12 мың ресми еңбек мигранты, сондай-ақ, басқа санаттағы 10 мың шетелдік келген.
ҰҚМК мәліметінше, көптеген шетелдіктер елге турист немесе студент ретінде кіріп, шын мәнінде заңсыз еңбекпен айналысады. Жұмыс берушілер де шетелдік азаматтарды виза мерзімін ұзартпай, мемлекеттік алым төлеуден жалтару үшін жұмысқа алады, бұл көші-қон заңнамасының бұзылуына әкеп соғады.
Қырғызстан билігі заңсыз еңбек миграциясының алдын алып, көші-қон жүйесін реттеу, сондай-ақ осы саладағы жемқорлықтың жолын кесу үшін жаңа шаралар қабылдап жатыр. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап елде «Көші-қон үдерістерін оңтайландыру шаралары туралы» Президент Жарлығы күшіне енді. Бұл құжатқа сәйкес, 2025 жылдың 10 маусымына дейін заңсыз жүрген барлық шетелдік азаматтар өз мәртебесін заңдастыруы немесе елден кетуі тиіс.
Бұған дейін Қырғызстанда шетел азаматтарының заңсыз көші-қон ұйымдастырғаны хабарланған. 2024 жылдың 5 қыркүйегінен бастап визасыз режиммен келген шетелдіктерді тіркеудің жаңа тәртібі енгізілді. Сонымен қатар, шетелдік студенттерге жауапты университет ректорларының жеке жауапкершілігі күшейтілді.
Айта кетейік, Қырғызстанда есірткіге байланысты қылмыстар үшін жазаның қатаңдатылғаны да бұған дейін хабарланған еді.
Кілтсөздер: Қырғызстан, заңсыз мигрант, еңбек көші-қоны, көші-қон заңнамасы, шетелдік студенттер, визасыз режим, көші-қон жүйесі, еңбек мигранттары.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
