Қазақстанда бала туғызуға тапсырыс беретін қытайлықтар үшін жасырын “қара нарық” жұмыс істейді деген күдік бар. Бұл туралы DW жазады.
Сарапшылардың айтуынша, шетелдіктер Қазақстанда трансплантология (мүшелерді ауыстыру) қажетіне орай бала “өсіретін” заңсыз жүйе құрып алған болуы мүмкін.
Сегіз әйел зардап шеккен
Зардап шеккендердің адвокаттары арқылы кем дегенде 8 әйелдің осы іспен байланысы болғаны белгілі болды.
Суррогат аналардың портреті
Суррогат ана болуға келіскен әйелдердің өмірбаяны ұқсас: жасы 25 пен 30 аралығында, балалары бар, бірақ күйеулері жоқ, тұрақты табыстары да жоқ.
Олар әлеуметтік желілерде “суррогат ана болуға” қатысты хабарламаларды көрген. Онда 6–8 миллион теңге көлемінде төлем, тегін баспана және ай сайын 500 доллар төленетіні айтылған.
Кей әйелдерді басқа елдерге – мысалы, Камбоджаға – шығарып жіберген.
Жәбірленуші әйелдер терезелері қараңғыланған көліктермен, телефонсыз тасымалданғанын айтады. Эмбрион салынғаннан кейін олар басқа пациенттермен бірге медициналық орталықта болған, кейін Қазақстанға оралып, шетелдік тапсырыс берушілер жалдаған пәтерлерге орналастырылған.
Қақтығыстар неден шықты?
Әйелдер медициналық қиындықтарға тап болғанда, делдал компаниялармен жанжал басталған.
Адвокаттардың айтуынша, әйелдерге қол қойғызылған келісімшарттар Қазақстан заңнамасына қайшы. Онда биологиялық ата-аналар туралы міндетті ақпарат, Қытай азаматтарының нақты анкеталық мәліметтері, жүкті әйелдердің тіркеуге алынғаны жөніндегі деректер жоқ.
“Барлық құжаттар – жарамсыз, көзбояушылық қағаздар”, – дейді адвокат.
