Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Рим-католик шіркеуінің жаңа басшысы – америкалық Роберт Фрэнсис Прево
Рим-католик шіркеуінің жаңа Рим Папасы болып америкалық кардинал Роберт Фрэнсис Прево сайланды. Ол бұл мәртебеге екі күнде өткен төрт дауыс беру нәтижесінде ие болды. Бұл – конклав тарихындағы ең қысқа сайлаудың бірі.
Еуропалық басылымдар кардиналдардың бұл жолы ұйымшылдық пен тез келісімге келгенін Рим Папасы Франциск қайтыс болғаннан кейін бірлікті сақтауға бағытталған қадам деп бағалауда. Роберт Прево күтпеген кандидат саналғанымен, Ватиканға таныс тұлға. Ол жаңа папа ретінде Лев XIV есімін қабылдады.
Жаңа Рим Папасының таңдаған есімі оның сыртқы саясатқа басымдық беретінін аңғартады. Бұған дейін Лев XIII Ватикан мен әлемнің түрлі елдері арасында дипломатиялық байланысты арттырғаны мәлім. Мамандардың айтуынша, Лев XIV те халықаралық қарым-қатынасқа ерекше назар аударуы мүмкін.
Роберт Фрэнсис Прево – Солтүстік және Оңтүстік Америка кардиналдарының қолдауына ие болған ерекше тұлға. Ол ұзақ уақыт бойы Перуде миссионерлік қызмет атқарған, кейін Чикагоға оралып, Әулие Августин орденінің приоры болған. 2013 жылы Перуге Чиклайо епископы ретінде қайта барған.
2023 жылдан бастап ол епископтар істері бойынша префект және Латын Америкасы бойынша Папалық комиссияның президенті қызметін атқарды. Прево испан, португал, итальян және француз тілдерінде еркін сөйлейді. Перудегі әлеуметтік қиындық көрген халық пен мигранттарға көмек көрсеткені үшін жоғары бағаланады.
Папаның жаңа басшысы Рим Папасы Франциск жүргізген реформаларды жалғастырады деп күтіледі. Сонымен қатар ол қалыпты бағыт ұстанып, католик шіркеуінде бірлік пен бейбітшілікке шақырады. Жаңа понтифик өз сөзінде: «Баршаңызға бейбітшілік тілеймін!» – деді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Рим Папасы Лев XIV-ке құттықтау жеделхатын жолдады.
Кілтсөздер: Рим Папасы, Роберт Фрэнсис Прево, Лев XIV, католик шіркеуі, Ватикан, жаңа Рим Папасы, конклав, Папа сайлауы.
Фото: inform.kz сайтынан алынды