Қазақстан мен Моңғолия президенттері Астанада шағын құрамда келіссөз жүргізіп, екіжақты қарым-қатынастың маңызды мәселелерін талқылады, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің тарихи тамыры ортақ екенін атап өтіп, Моңғолияның соңғы жылдардағы жетістіктеріне жоғары баға берді.
«Біз – тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдерміз, көшпенді халықтардың ұрпағымыз. Қазақ пен моңғол – ғасырлар бойы іргесі бөлінбеген көршілер. Сіздің қажырлы еңбегіңіздің арқасында Моңғолияда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Былтыр еліңіздің экономикасы 6,8 пайызға өсті. Бұл Сіздің салиқалы басшылығыңыздың жемісі екені сөзсіз. Біз бауырлас елдің барлық жетістігіне қуанамыз», – деді Президент.
Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух өз кезегінде Қазақстанға 20 жылдан кейін мемлекеттік сапармен келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Ол Тоқаевтың Моңғолияға жасаған сапары екіжақты қатынасты жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.
«Сіздің осыдан екі жыл бұрын біздің елімізге жасаған мемлекеттік сапарыңыз моңғол-қазақ қарым-қатынастарын стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерді. Бұл уақиға екіжақты байланыстар тарихына алтын әріппен жазылады. Сіздің көреген басшылығыңыздың арқасында Қазақстан экономикалық және әлеуметтік салада айтарлықтай табысқа жетті», – деді Ухнаагийн Хурэлсух.
