АҚШ Иранның теңіздегі танкерлерде тұрған мұнайына салынған санкцияларды алып тастауы мүмкін. Вашингтон бұл қадамға Ормуз бұғазының жабылуына байланысты шарықтап кеткен бағаны тұрақтандыру үшін бармақшы, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Бұл туралы АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шешім жақын күндері қабылдануы ықтимал.
«Жақын арада біз теңізде тұрған иран мұнайына (шамамен 140 млн баррель) салынған санкцияны алып тастауымыз мүмкін. Бұл — Иранның Қытайға жөнелтуге дайындаған 10-14 күндік қоры. Біз осы науқанды жалғастыра отырып, алдағы екі аптада бағаны төмен ұстап тұру үшін Иранның өз мұнайын Иранға қарсы пайдаланамыз», — деді Бессент Fox Business Network арнасына берген сұхбатында.
Соңғы екі аптада Иранның Ормуз бұғазын жауып, танкерлерге шабуыл жасауына байланысты мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асып кеткен болатын. Жақында АҚШ Қаржы министрлігі осындай қадамды Ресейге де қолданып, танкерлерде тұрып қалған ресейлік мұнайды сатуға уақытша рұқсат берген. Бессенттің сөзінше, бұл әлемдік нарыққа шамамен 130 млн баррель мұнай қосқан.
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің жоспарымен таныс дереккөздің айтуынша, егер санкциялар жеңілдетілсе, ресейлік мұнайға қолданылған сияқты уақытша рұқсат беру тетігі іске қосылуы мүмкін. Бұл теңізде тұрған мұнайды белгілі бір уақыт аралығында сатуға мүмкіндік береді.
«Мұндай жеңілдік Қытайға бара жатқан мұнайды жаһандық нарыққа тезірек шығаруға көмектеседі. Бұл Иранның Ормуз бұғазына қатысты ықпалын азайтып, нарықты мұнаймен қамтамасыз етеді», — деді аты-жөнін атамауды сұраған дереккөз.
Скотт Бессент АҚШ мұнай жеткізу көлемін арттыру үшін басқа да шаралар қабылдайтынын, соның ішінде Стратегиялық мұнай қорынан қосымша мұнай шығарылатынын да айтты.
