Жаңадан құрылған Абай облысының тұрғындары республикалық референдумда өз таңдауын жасап жатыр. Өңір басшысы Берік Уәли де дауыс беріп, халыққа үндеу тастады, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Облыс әкімі Семейдегі Медициналық университет ғимаратында орналасқан №93 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Ол бұл күннің тарихи маңызы зор екенін айтып, жергілікті тұрғындардың белсенділігіне сенетінін жеткізді.
«Бүгін – еліміз үшін маңызды күн. Абай елінің жұртшылығы жоғары азаматтық белсенділік танытатынына сенімдімін», – деді Берік Уәли.
Жалпы облыс аумағында 465 референдум учаскесі жұмыс істейді, оның 36-сы – жабық мекемелерде орналасқан. Өңірде 400 мыңнан астам адам дауыс беру құқығына ие. Сайлау учаскелерінің барлығында тұрғындар үшін мәдени шаралар мен жәрмеңкелер ұйымдастырылған.
Дауыс берушілерге барлық жағдай жасалған. Арнайы пандустар, ыңғайлы кабиналар мен көрсеткіштер орнатылған. Денсаулығына байланысты келе алмайтын 2164 азаматқа тасымалды жәшік арқылы үйінде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу үшін өңірде 28 инватакси, 6 сурдоаудармашы және әлеуметтік қызметкерлер жұмылдырылған. Референдумды өткізуге жалпы саны 3254 адамнан тұратын комиссия мүшелері атсалысуда.
