Абай облысының прокуратурасы ірі кәсіпорындардың жұмысшыларымен кездесіп, олардың еңбек құқықтарын қорғауды қолға алды, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
«Заң және тәртіп» қағидасын жүзеге асыру мақсатында прокуратура қызметкерлері мемлекеттік еңбек инспекциясы, әлеуметтік қорғау департаменті және облыстық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдерімен бірігіп, «Qazaq Astyq Group» және «Семей цемент зауыты» ЖШС еңбек ұжымдарымен жүздесті.
Кездесудің басты мақсаты – қызметкерлердің құқықтық мәдениетін арттыру, сондай-ақ олардың еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғауды қамтамасыз ету.
Кездесулер ашық диалог форматында, яғни сұрақ-жауап түрінде өтті. Оған қатысушылар еңбек қатынастарына қатысты өздерін толғандырған сұрақтарға толық жауап алды.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтып, халықтың құқықтық сауатын арттырады. Сонымен қатар, жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы сындарлы диалогты дамытуға ықпал етеді.
