Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясын бекітті. Бұл құжатқа сәйкес, елде төрт бірдей атом электр станциясы бой көтеруі ықтимал, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Атом энергиясы агенттігінің мәліметінше, бұл құжат бұған дейін жоғары мемлекеттік деңгейде қабылданған негізгі шешімдердің заңды жалғасы.
«Стратегия Қазақстанда әлемдік ядролық экожүйеге кіріктірілген заманауи әрі тұрақты ядролық кластер қалыптастыруға бағытталған. Бұл елдің энергетикалық және технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің маңызды элементіне айналуы тиіс», – делінген агенттік хабарламасында.
Жаңа стратегияға сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстанда кемінде үш АЭС жұмыс істеп тұрады.
«Электр энергиясын тұтынудың болжамды өсімін ескере отырып, төртінші станцияны салу жобасы қарастырылған. Бұл экономика мен халықтың сенімді әрі экологиялық таза энергияға деген өсіп келе жатқан қажеттіліктерін толық өтеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Атом энергиясы агенттігі.
Сонымен қатар, ескірген көмір станцияларын алмастыру мақсатында еліміздің қолайлы аймақтарында шағын модульдік реакторлар (ШМР) негізінде АЭС салу нұсқалары да қарастырылады. Бұл шешім технологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді болған жағдайда ғана қабылданады.

