Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Еуропалық одақ Кашмирдегі терактіге байланысты үндеу жасады
Еуропалық одақ (ЕО) Кашмирде 26 адамның өмірін қиған террористік шабуылды қатаң айыптап, Үндістан мен Пәкістанды сабыр сақтауға және диалог жүргізуге шақырды. Бұл туралы ЕО-ның мәлімдемесінде айтылған.
«ЕО мен оның мүше елдері 22 сәуірде Кашмирде болған террористік шабуылды және бейбіт тұрғындардың қаза табуын қатаң айыптайды», – делінген құжатта.
Брюссель шабуылға кінәлі азаматтарды жауапқа тартуға үндеді. Еуропалық одақ Кашмирдегі шиеленістің күшеюі мен адам шығынына алаңдаулы екенін жеткізді. ЕО екі тарапқа да сабыр сақтап, шиеленісті өршітпеуге және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды. Сонымен қатар, Үндістан мен Пәкістанды халықаралық құқық талаптарын орындап, бейбіт тұрғындарды қорғау бойынша барлық шараларды қолдануға үндеді. Одақ қақтығысты бейбіт жолмен шешу үшін барлық тараппен ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.
Кашмирдегі жағдай және Үндістанның әрекеті
6 мамырда Үндістан Пахалгамда болған терактке жауап ретінде Пәкістан мен оның бақылауындағы Азад Кашмирге зымыран соққыларын жасады. Үндістан тарапы "террористік инфрақұрылым" деп атаған тоғыз нысанның жойылғанын хабарлады. Ал Пәкістан билігі алты бейбіт нысан зардап шеккенін және 26 адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, Пәкістан армиясы бес үнді әскери ұшағын атып түсіргенін хабарлағанымен, Үндістан бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди бұл әскери операцияны «мақтаныш сәті» деп сипаттап, оған «Синдур операциясы» деген атау берілгенін жария етті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіске байланысты мәлімдеме жасаған болатын.
Кілт сөздер: Кашмир, терроризм, Үндістан, Пәкістан, Еуропалық одақ, халықаралық құқық, қақтығыс, диалог, бейбіт тұрғындар, зымыран соққысы.
Фото: inform.kz сайтынан алынды
