Иран әуе кеңістігінде америкалық F-35 жойғыш ұшағының зақымдалуы әлемдік ақпараттық күн тәртібін дүр сілкіндірді. Бұл – тарихта бесінші буын ұшағының жау оғынан зақымданған алғашқы ресми тіркелген оқиғасы, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Оқиға 19 наурызда Иранның орталық бөлігінде жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде болған. АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) хабарлауынша, зақымданған F-35 ұшқыштың шеберлігінің арқасында Таяу Шығыстағы америкалық әуе базаларының біріне апатты жағдайда қона алған. Ұшқыштың жағдайы тұрақты.
Ислам революциясы сақшылар корпусы «көрінбейтін» ұшақты өздерінің әуе қорғанысы жүйесімен атып түсіргенін мәлімдеді. Ирандық әскери сарапшылардың айтуынша, олар радарға байқалмайтын стелс-технологияны айналып өтетін әдіс қолданған.
Ирандық жүйелер ұшақтың өзін емес, оның қозғалтқышынан бөлінетін қуатты жылу ізін анықтайтын инфрақызыл датчиктермен жабдықталған. Дәл осы технология F-35-тің орнын анықтауға мүмкіндік берген.
Ресми Тегеран бұл жетістікті халықаралық санкцияларға қарамастан, жергілікті жас ғалымдар мен инженерлер жасап шығарған «Хордад-15» сияқты қорғаныс кешендерінің тиімділігімен байланыстырады.
Бұл жағдай Пентагон үшін нағыз «технологиялық соққы» болды. Осы уақытқа дейін F-35 кез келген әуе қорғанысы жүйесінен еш қиындықсыз өте алады деп саналған еді. Енді АҚШ Әскери-әуе күштері тек стелс-мүмкіндіктерге сенудің қауіпті екенін түсініп, радиоэлектронды күрес құралдарын дамытуға басымдық беруі мүмкін.
АҚШ тарапы ұшақтың базаға оралуын «оның жоғары деңгейдегі беріктігі мен ұшқыштың кәсібилігі» деп бағалап, оқиғаның ақпараттық салдарын жұмсартуға тырысып жатыр.

