12 наурызда Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 100 доллардан асып кетті. Сарапшылар бағаның күрт өсуін Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстармен байланыстырады, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.

Бейсенбі күні сауда сессиясында баға 9%-дан астам өсіп, барреліне 100,97 долларға жеткен. Ал мамыр айындағы фьючерстер 14,33%-ға қымбаттап, 100,39 долларды құраса, WTI маркалы мұнайдың сәуірдегі фьючерстері 9,26%-ға көтеріліп, 95,33 долларға сатылды.

Бағаның бұлайша шарықтауына АҚШ пен Израильдің соққыларынан кейін Иранның аймақтағы америкалық әскери базалар мен негізгі энергетикалық нысандарға жасаған жауап шабуылдары түрткі болды. Әлемдік мұнай сұранысының бестен бір бөлігі өтетін Ормуз бұғазын Иранның бұғаттауы жағдайды одан сайын ушықтырды.

Saudi Aramco мұнай компаниясының басшысы Әмин Нассер бұл оқиғаны сала тарихындағы ең ауқымды дағдарыс деп атады.

«Таяу Шығыстан келетін мұнай жеткізілімі азайып барады. Соңғы бес жылдағы ең төменгі деңгейде тұрған әлемдік қорлар енді жедел қарқынмен сарқылады», – деді ол.

Жақында Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең ірі мұнай өңдеу зауытына ұшқышсыз ұшақтар шабуыл жасап, салдарынан кәсіпорында өрт шықты. Бұл оқиға нарықтағы жағдайдың тұрақсыз екенін тағы да көрсетті.

Share.
Exit mobile version