Украина әскері шайқас алаңында роботтандырылған технологияларды бұрын-соңды болмаған деңгейде қолдана бастады. Енді жердегі дрондар жау позицияларына адамсыз шабуылдап, тіпті тұтқындарды да қолға түсіріп жатыр, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
3-ші жеке шабуылдау бригадасы «NC13» бөлімшесінің командирі Николай «Макар» Зинкевич жақында тарихта алғаш рет жау позициясы тек роботтар мен дрондардың күшімен алынғанын, тіпті тұтқындардың да осылай ұсталғанын мәлімдеді.
«Біз жаудан сан жағынан ешқашан басым бола алмаймыз. Сондықтан бұл артықшылыққа технология арқылы қол жеткізуіміз керек», – дейді ол.
Бүгінде жерүсті дрондары шабуыл кезіндегі үйреншікті құралға айналған. Мысалы, пулеметпен жабдықталған бір ғана робот Ресей әскерінің шабуылына 45 күн бойы тосқауыл бола алған.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, соңғы үш айда роботтар мен дрондар 22 мыңнан астам әскери тапсырманы орындаған.
Қорғаныс министрлігі майдан шебінде 15-20 шақырымдық «жою аймағын» құрып, логистика мен әскери операцияларды барынша автоматтандыруды көздейтін жаңа стратегияны қолға алды.
Дегенмен, әскери сарапшылар жасанды интеллектке толықтай сенім артуға әлі ерте екенін ескертеді.
«Қалай болғанда да, соңғы шешімді адам қабылдауы тиіс. Қаруды толықтай жасанды интеллектің қолына тапсыра аламыз ба?» – дейді командирлердің бірі.

