Түркия Ормуз бұғазын айналып өтетін жаңа сауда жолын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл үшін Анкара 32 жылдан бері жабық тұрған Армениямен шекараны ашпақ, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.

Financial Times басылымының жазуынша, бұл бастама АҚШ Президенті Дональд Трамп қолдайтын «Трамп маршруты» (TRIPP) жобасының бір бөлігі. Қазірдің өзінде түрік тарапы 32 жыл бұрын жабылған Алиджан шекара бекетін ашуға дайындықты бастап кеткен.

«Шекараның нақты қашан ашылатынын білмейміз, мерзімі үнемі өзгеріп жатыр. Бірақ көпшілік мұның жақын арада болатынын күтіп отыр», – дейді түрік шекарашыларының бірі.

Осылайша, Анкара Ормуз бұғазындағы тәуекелдер артып тұрған сәтте өзін басты транзиттік хаб ретінде танытқысы келеді. Бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған өз елін «тұрақтылық аралы» және энергия тасымалдаудың қауіпсіз бағыты деп атаған болатын.

Орта дәліз – Қытайды Еуропамен Қазақстан, Кавказ және Түркия арқылы байланыстыратын құрлықтағы жол. Бұл бағыт теңізбен 40 күнге созылатын тасымалды 12-15 күнге дейін қысқартады. Сарапшылардың болжамынша, дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жылына 5 миллион тоннадан 20 миллион тоннаға дейін артуы мүмкін.

Share.
Exit mobile version