АҚШ-тың жоғары шенді генералдары Иранға қарсы әскери операциялар барысында күтпеген қиындықтарға тап болғанын мойындады, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.

CNN арнасына сұхбат берген әскерилердің айтуынша, АҚШ Әуе күштері өз міндеттерін мінсіз атқарып жатқанымен, теңіз флоты географиялық ерекшеліктерге байланысты айтарлықтай кедергілерге ұшыраған. Иранның асимметриялық соғыс жүргізудегі шеберлігі мен стратегиялық ойлау қабілеті жағдайды одан сайын ушықтырған.

Тегеран әлемдік мұнай тасымалының күретамыры саналатын Ормуз бұғазын бақылау арқылы АҚШ пен оның одақтастарының ең осал тұсын дәл басқан. Генералдардың пікірінше, осы бұғаздың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етпейінше, соғыста жеңіске жету мүмкін емес. Алайда, халықаралық тасымалдаушылар мен сақтандыру компанияларының сеніміне ие болу үшін Вашингтонның жалғыз күші жеткіліксіз. Ол үшін Батыс елдерінің біріккен коалициясы қажет.

Саясаттанушы Дулат Бәкішев бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдірді.

Иран өзі жеңілмесе, оны АҚШ пен Израиль жеңе алмайтын сияқты. Бұл соғыс капитуляциямен емес, келіссөзбен аяқталуы тиіс. Соғыс созылған сайын АҚШ-тың әлемдегі беделіне нұқсан келеді. Ал келіссөз жүргізу үшін Батыс танитын, сенім артатын тұлғалар керек. Оларды жаппай қырып тастаса, соғысты тоқтату оңай болмайды.

Сарапшының айтуынша, қақтығыс ауқымы кеңейіп, Иранның соққылары Израильге де тие бастады. Бұл шағын ел үшін үлкен қауіп. Егер қауіпсіздік мәселесі шешілмесе, халықтың елден көшуі ықтимал, бұл мемлекеттің болашағына кері әсерін тигізеді.

«Жағдай өте күрделі. Соғысты тезірек тоқтатқан жөн. Бірақ енді оны тоқтатудың өзі қиынға соғады. Ақыр соңында Иранның негізгі талаптарын қабылдауға тура келетін сияқты», – деп қорытындылады Бәкішев.

Share.
Exit mobile version