Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Өзбекстанда тұратын 100 жастағы қазақ ардагер – Бексейіт Баймырзаев
Өзбекстандағы Ұлы Отан соғысының ардагері, Бексейіт Баймырзаев, биыл 10 мамырда 101 жасқа толады. Ардақты қария 1924 жылы Ташкент облысы, Жоғары Шыршық ауданында дүниеге келген. Ол соғыс басталғанда педагогика техникумында оқып жүрген бозбала еді. 1942 жылы Бексейіт Баймырзаев майданға аттанып, екінші Украина майданы құрамында әскери борышын өтеді. Жеңіс күнін Прагада қарсы алған қазақ жауынгері кейін жапон әскеріне қарсы ұрысқа да қатысты. Сержант шенінде 1947 жылға дейін қызмет етіп, «Ерлігі үшін», «Қызыл жұлдыз» медалі, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс үшін» ордендерімен марапатталды.
Соғыстан соң елге оралған Бексейіт Баймырзаев педагогика техникумын аяқтап, 1987 жылға дейін білім саласында еңбек етті. Қызметтегі жетістіктері үшін «Халық ағарту ісінің озаты», «Құрмет белгісі», «Еңбек ардагері» медальдары берілді.
Тәуелсіздік алған Өзбекстанда 100 жастағы қазақ ардагер әлі тың қалпында. Күн сайын серуенге шығып, жергілікті ауыл ақсақалдарымен әңгіме-дүкен құрады. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және туған күніне орай Қазақстан елшілігі құттықтап барғанда, ақ тілек, батасын берді.
— Соғысты жамандыққа жоламау керек. Ұрпақ бейбіт өмір сүрсін. Ардагерлердің ерлігін ұмытпау – үлкен парыз, – дейді қазақ ардагері.
Төрт баладан 9 немере, 10-нан аса шөбере сүйіп отырған Бексейіт Баймырзаев – ұрпаққа үлгі, қадірлі ақсақал. Қазір ол Ташкент облысы, Жоғары Шыршық ауданында тұрады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Өзбекстанда Ұлы Отан соғысының 82 ардагері бар. Ең жасы үлкен ардагер – 114 жаста. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Жарлығымен майдангерлерге «Жеңістің 80 жылдығы» медалі мен 10 мың доллар көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.
Кілтсөздер: Өзбекстан, қазақ ардагер, Ұлы Отан соғысы, 9 мамыр, Жеңіс күні, Бексейіт Баймырзаев, соғыс ардагері, Жеңістің 80 жылдығы, Ташкент, қазақтар, соғысқа қатысқан қазақ, 100 жастағы ардагер.
Фото: inform.kz сайтынан алынды