Қазақстанда соттар мен министрліктер жүргізушісі бар қымбат көліктерді жалға алуға жүздеген миллион теңге жұмсағаны белгілі болды, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Juzmedia порталының зерттеуінше, қазақстандық судьялар мен шенеуніктер мемлекеттік сатып алу арқылы бизнес-кластағы көліктерді жалға алып жатыр. Келісімшарт бойынша қызметтік көліктер демалыс және мереке күндері де жұмыс істеуі керек.
Мәселен, Кассациялық соттар департаменті 29 көлікке 343,6 млн теңгеге тапсырыс берген. Яғни, әр көліктің жылдық жалдау құны – 11,8 млн теңге. Шарт бойынша көліктер тәулік бойы дайын тұруы тиіс, ал жүргізушілер іскерлік стильде киініп, міндетті медициналық тексеруден өтуі керек.
Ал Су ресурстары және ирригация министрлігі 6 автокөлікті жалға алуға 103,4 млн теңге бөлген. Бұл әр машина үшін 17 миллион теңгеден астам қаражат деген сөз.
Салыстыру үшін айтсақ, қарапайым қазақстандықтар үшін автолизингтің ай сайынғы төлемі 350 мың теңгеге дейін жетеді.
Бюджеттен бөлінген орасан зор қаржыға осындай «мемлекеттік автосервис» ұйымдастыру қоғамда үлкен сұрақ тудырып отыр.

