Еуропалық Одақ пен Украинаның елшілері Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы лауазымына кандидатурасын талқылады. Ресми мәлімдеме болмаса да, сарапшылар оның мүмкіндігін жоғары бағалап отыр, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.

Еуроодақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкичтің айтуынша, БҰҰ-да бас хатшыны таңдаудың қатаң ережелері жоқ, бірақ аймақтық мүдде ескеріледі. Ол Шығыс Еуропаның бұл лауазымда әлі өкілі болмағанын атап өтті.

«Менің білуімше, президент Тоқаев сұхбаттарының бірінде үміткер емес екенін айтқан, бірақ бұл мүмкіндікті жоққа да шығармаған. Ол – дипломат, мықты тұлға және қазіргі президент. Тарихи тұрғыдан алғанда, бас хатшылар бұрынғы мемлекет немесе үкімет басшыларының арасынан шыққан. Сондықтан бәрі мүмкін», – деді Симкич.

Сондай-ақ ол қазіргі жаһандық дағдарыс жағдайында ЕО үшін ұйымды «БҰҰ-ның бұрынғы ұлылығын қайтара алатын» адамның басқарғаны өте маңызды екенін қосты.

Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко Қазақстан басшысының халықаралық аренадағы жеке беделіне назар аударды. Ол мұны сарапшы ретіндегі жеке пікірі екенін нақтылады.

«Егер Қасым-Жомарт Тоқаев сияқты тұлға БҰҰ-ны нығайтуға көмектессе, мен еш қарсы болмас едім. Ол – беделі мінсіз, жоғары білікті маман», – деп атап өтті Майко.

Қазіргі уақытта БҰҰ Бас хатшысы қызметін португалиялық Антониу Гутерриш атқарады. Оның ізбасарын таңдау тәртібі қатаң және әлемнің ірі державаларының келісімін талап етеді. Үміткерлерден өтініш қабылдау сәуір айының соңына дейін жалғасады. Жаңа басшының есімі жыл соңында белгілі болады. Бұл процесс өте күрделі: үміткер үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлық тұрақты мүшесі – АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция бірауыздан дауыс беруі тиіс.

Share.
Exit mobile version