Иран оппозициясы АҚШ пен Израильдің әуе соққылары Тегерандағы билікті құлата алмайтынын мәлімдеді. Олардың пікірінше, режимді тек халықтық көтеріліс арқылы ғана өзгертуге болады, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.

Парижде орналасқан Иранның Ұлттық қарсыласу кеңесінің (NCRI) сыртқы саясат бөлімінің басшысы Мұхаммед Мохаддесин соңғы соғыстар бомбалау арқылы билікті ауыстыру мүмкін емес екенін дәлелдеді деп санайды.

«Билікті тек халықтық көтеріліс пен ел ішіндегі қарсылық қозғалысының қолдауы арқылы ғана өзгерту мүмкін», – деді ол Reuters агенттігіне берген пікірінде.

Шамамен екі аптаға созылған әуе шабуылдарынан Иранда 2 мыңға жуық адам, соның ішінде жоғарғы көшбасшы аятолла Әли Хаменеи де қаза тапқан. Елдің әскери және қауіпсіздік инфрақұрылымына да ауыр соққы жасалды.

Осыған қарамастан, Иран билігі жағдайды өз бақылауында ұстап отыр. Ислам революциясы сақшылары корпусы ықпалын күшейтіп, кез келген тәртіпсіздікті қатаң түрде басып-жаншитынын ескертті.

Оппозиция өкілі АҚШ-тың Иранға құрлық әскерін кіргізуіне сенбейді. Оның ойынша, ірі халықтық наразылықтар әуе шабуылдары тоқтағаннан кейін ғана басталуы ықтимал.

Ал Израиль билігі бұл операцияның басты мақсаттарының бірі – Иранның қауіпсіздік күштерін әлсіретіп, халыққа өз тағдырын шешуге мүмкіндік беру екенін мәлімдеген болатын.

Share.
Exit mobile version