Талибан қозғалысы Пәкістанды Кабулдағы ауруханаға әуеден соққы жасады деп айыптады, салдарынан 400 адам қаза тауып, 250-ден астам тұрғын жараланған, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.

Талибан өкілі Хамдулла Фитраттың айтуынша, 16 наурыз күні кешке Пәкістан әскери-әуе күштері Кабулдағы 2000 орындық «Omid» нашақорлықты емдеу ауруханасын нысанаға алған. Tolo News агенттігі таратқан бұл ақпарат екі ел арасындағы шиеленісті ушықтырып жіберді.

Алайда Пәкістан билігі бұл айыптауларды түбегейлі жоққа шығарды. Ресми Исламабад өз әскері тек әскери нысандар мен «Техрик-и-Талибан Пәкістан» (ТТП) сияқты террористік топтардың лагерьлеріне ғана соққы бергенін, бейбіт тұрғындар мен азаматтық нысандарға тиіспегенін мәлімдеді.

Жергілікті БАҚ пен CNN телеарнасының кадрларынан қираған ғимараттардан қаза тапқандардың денесін алып шығып жатқанын және оқиға орнындағы өрт пен қою қара түтінді көруге болады.

Бұл оқиға — ақпан айынан бері жалғасып келе жатқан Ауғанстан-Пәкістан қақтығысының ең қанды оқиғаларының бірі. Бұған дейін Пәкістан Исламабад, Баджаур және Банну қалаларындағы террорлық шабуылдардан кейін «Талибанға қарсы ашық соғыс» жариялап, әуеден де, құрлықтан да шабуылдарды күшейткен болатын.

«Біз шекарадағы пәкістандық бекеттерге қарсы шабуылдар жасаймыз», — деген еді Талибан өкілі Забихулла Муджахид.

Share.
Exit mobile version