KAU-да этнофотокөрме ашылды
Қазақстан Республикасының күні қарсаңында Қазақ-Америка университетінде (KAU) белгілі этнофотосуретші Оңғарбек Алхаровтың көрмесі ашылды. Іс-шара Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қолдауымен өтті. Көрменің ашылу салтанатында KAU президенті Асылбек Исахов пен көрме авторы сөз сөйлеп, мәдени мұраны сақтаудың, ұлттық дәстүрлерді құрметтеудің және жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Көрменің мақсаты мен мазмұны
KAU президенті Асылбек Исахов көрменің Республика күніне – тәуелсіз мемлекеттіліктің қалыптасуын, ұлттық сананың нығаюын және Қазақстан халқының бірлігін айғақтайтын айтулы мерекеге арналғанын атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат – жас ұрпақты халқымыздың бай мәдени мұрасымен таныстыру ғана емес, сонымен қатар тарихқа деген терең қызығушылығын ояту, ұлттық мақтаныш сезімін нығайту, төл тамырына деген құрметін арттыру және ел болашағы үшін жауапкершілігін сезіндіру.

Оңғарбек Алхаров – этнофотосуретші, Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның «Кино және телевидение» факультетінің аға оқытушысы. Экспозицияда қазақ халқының сан қырлы мәдениетін, рухани құндылықтары мен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін бейнелейтін фотосуреттер ұсынылған. Автор көшпелі өркениет көріністері, ұлттық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлі тұрмыс ерекшеліктері арқылы тарих пен бүгінгі күннің сабақтастығын көрсетеді.
Kazakhstan Week бағдарламасы
Фотокөрме университетте 21-27 қазан аралығында өтетін ұлттық мәдениетке, салт-дәстүрлер мен бірлікке арналған тақырыптық апталық – Kazakhstan Week аясындағы алғашқы іс-шара болды. Бағдарлама Республика күніне арналған салтанатты концертпен жалғасты. KAU студенттері заманауи шығармашылық пен ұлттық нақышты үйлестірген әсерлі музыкалық және би қойылымдарын ұсынды. Танымал қазақ күйлерін орындаған ансамбльдің өнері мерекелік кешке ерекше сән берді. Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – университет оқытушыларына кәсіби жетістіктері мен жоғары білім беру саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін құрмет грамоталарын табыстау рәсімі болды.

Kazakhstan Week бағдарламасы жалғасуда және оның аясында ұлттық ойындар, кино кеші, тақырыптық квиздар мен Қазақстанның мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға, жастар арасында ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған басқа да іс-шаралар өткізіледі. Алдағы уақытта KAU осындай мәдени-ағартушылық бастамаларды дамытуды, соның ішінде студенттердің шығармашылық жұмыстарының көрмелерін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.




