Колумбияның Пуэрто-Легуисамо қаласында әскери ұшақ апатқа ұшырап, кемінде 66 адам көз жұмды, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Жергілікті Caracol Radio радиостанциясының мәліметінше, қаза тапқандардың 58-і – Ұлттық армияның, алтауы – Колумбия Әуе әскери күштерінің, екеуі – Ұлттық полицияның қызметкері. Апатқа ұшыраған ұшақ бортында барлығы 128 әскери қызметші болған. Қазір билік өкілдері үйінді астынан денелерді іздестіруді жалғастырып жатыр.
Әуе әскери күштерінің қолбасшысы, генерал Карлос Фернандо Сильва Руэданың айтуынша, C-130 Hercules ұшағы Пуэрто-Легуисамодан Пуэрто-Асис қаласына бет алған. Оқиға орнына жақын жерде Колумбияның Әскери-теңіз күштерінің базасы орналасқандықтан, әскери бөлімшелер зардап шеккендерге алғашқы көмекті тез көрсеткен.
«Біз жаралыларды тасымалдау үшін 50 зембіл сиятын Колумбия Әуе әскери күштерінің санитарлық ұшағын жібердік. Оның соңынан 24 зембілді тағы бір ұшақ аттанады», – деді ол.
Жараланған әскери қызметшілер Нейва, Флоренсия және Богота қалаларындағы ауруханаларға жеткізіліп жатыр.
Елдің Қорғаныс министрі Педро Санчес ұшақтың техникалық жағдайы жақсы болғанын, бірақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай, әуежайдан шамамен бір жарым шақырым жерде құлағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, сырттан шабуыл жасалғанына ешқандай дәлел жоқ. Өрт салдарынан ұшақ ішіндегі әскерилер тасымалдаған оқ-дәрілердің бір бөлігі жарылған.

