Ресей Германияға «Дружба» құбыры арқылы жөнелтілуі тиіс қазақ мұнайын басқа бағыттарға жіберетін болды, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Ресей вице-премьері Александр Новактың айтуынша, 1 мамырдан бастап РФ өз аумағы арқылы Қазақстан мұнайын Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына тасымалдауды уақытша тоқтатады.
Новак логистикалық тізбектерді қайта қарау «техникалық мүмкіндіктерге» байланысты екенін және бұл шешім Қазақстанмен келісілгенін жеткізді. Сонымен қатар ол Германия билігінің ресейлік мұнайдан бас тарту туралы шешімін еске салды.
Шведтке жөнелтілуі тиіс қазақ мұнайының енді қай бағытқа жөнелтілетіні әзірге белгісіз. Алайда бұған дейін Украина арқылы өтетін «Дружба» мұнай құбырының оңтүстік тармағы арқылы тасымал қайта басталғаны белгілі болған. Бәлкім, Германияға тиесілі шикізат Венгрияға жетуі мүмкін.
ҚР Энергетика министрлігі Германияға экспортталуы керек мұнайдың қайда бағытталатынын нақтыламады. Дегенмен, ведомство басшысы Ерлан Ақкенженов елде мұнай өндірісін азайту жоспарда жоқ екеніне сендірді.

