АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранда билік дағдарысы орнағанын айтып, ел ішіндегі жағдайға қатысты кезекті атышулы мәлімдемесін жасады, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, қазір ирандықтардың өздері кімге бағынарын білмей, дал болып отыр.
«Олар елдің атынан кім сөйлеп жатқанын түсінбейді. Тіпті өздерінің көшбасшысы кім екенін де білмейді», — деді Трамп.
Сонымен қатар АҚШ Президенті Вашингтон «Иранның бірнеше деңгейдегі жетекшісінің көзін жойғанын» және рухани көсем Али Хаменеидің айналасындағы ықпалды тұлғаларға да соққы жасалғанын ашық аңғартты.
Трамп Иран билігінің бұрынғыдай айбары қалмағанын баса айтты.
«Оларға ешкім көмектескісі келмейді, өйткені олар енді ешкімді қорқыта алмайды және Таяу Шығыстағы үрей тудыратын күш емес», — деп атап өтті ол.
Бұл мәлімдеме The New York Times басылымының Иранның жаңа рухани көсемі атануы мүмкін Моджтаба Хаменеидің денсаулығы туралы ақпаратымен тұспа-тұс келді. Басылым дерегінше, ол бірнеше ауыр операцияны басынан өткерген.
Газеттің жазуынша, оның бір аяғына үш рет ота жасалып, енді протез қажет болуы мүмкін. Сондай-ақ бір қолына да операция жасалған. Ал беті мен ерні қатты күйіп қалғандықтан, сөйлеу қабілетіне айтарлықтай нұқсан келген.
The New York Times өз дереккөздеріне сүйеніп, Хаменеи «кем дегенде уақытша» шешім қабылдау құзыретін Ислам революциясы сақшылар корпусының генералдарына тапсырғанын хабарлады.

